- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп қаржы заңнамасын реформалау пакетін дайындап жатырмыз. Заңнамада банк секторы, төлемдер, бағалы қағаздар нарығы және басқа да мәселелер қамтылады. Сондай-ақ цифрлық қаржы активтерін реттеу, ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын енгізу және төлем нарығын одан әрі дамыту мәселелерін де жоспарлап отырмыз, - деді Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында.
Оның мәлімдеуінше, еліміздің макроэкономикалық тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысының реформаларын жүйелі түрде іске асыру жұмысы жалғасады.
- Ұзақмерзімді, сапалы және инклюзивті экономикалық өсімге, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға жағдай жасау мақсатында баға мен қаржы тұрақтылығына баса назар аударылады, - дейді Ұлттық банк төрағасы.
Бұған дейін Ұлттық банк инфляциямен қатаң ақша-кредит саясатын жүргізу арқылы күресетіні туралы хабарлаған едік.
Айта кетейік, бүгін Үкімет 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму болжамын мақұлдады.