Қазақстанда кәсіптік патологиясы бар 8 мыңнан астам адам тіркелген

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда кәсіптік патологиясы бар 8 мыңнан астам адам тіркелген. Осы орайда, Қарағанды медицина университеті қоғамдық денсаулық сақтау институтының бөлімше меңгерушісі Сәуле Ақынжанова кәсіптік медицинаны жандандыру қажеттігін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚРКФ медиаорталығына сілтеме жасап.

Фото: ҚРКФ медиаорталығы

Спикердің айтуынша, Қазақстанда кәсіптік патологиясы бар 8 168 адам тіркелген. Ал, қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің ең көп саны Қарағанды облысында – 42%, Павлодар облысында – 43%, Маңғыстау облысында – 38%, Шығыс Қазақстан облысында – 26,9%, Жамбыл облысында – 26,4%.

Кәсіптік аурулардың ең жоғары көрсеткіштері «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Востокцветмет» ЖШС, «Қазцинк» ЖШС, «Қазфосфат» ЖШС ЖФ кәсіпорындарында байқалады.

Жұмыскерлердің 30,2% екіден көп аурумен ауырады, бұл зиянды факторлар кешенінің жұмыскерлер ағзасына әсер етуімен байланысты, бір науқасқа екі, үш және одан да көп диагноз қойылады.

«2021-2022 ж.ж. республикада кәсіптік аурушаңдықтың артуы байқалды. Тіркелген кәсіптік аурушаңдық деңгейі нақты жағдайды көрсетпейтіні және қазіргі Қазақстандағы еңбек жағдайларының шарттарына сәйкес келмейтіні анық», - деді Сәуле Ақынжанова Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырған «Қауіпсіз жұмыс орны – өмір мен денсаулықты сақтаудың негізі» атты дөңгелек үстел барысында.

Ол кәсіптік медицина мен кәсіптік патология қызметін үйлестіретін ұйым – Гигиена және кәсіптік аурулар ұлттық орталығын қалпына келтіруді жеделдету, сондай-ақ, еліміздің аймақтарында кәсіптік медицинаны жандандыру қажет деп санайды.

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім еткендей, Қазақстанда жыл сайын кәсіпорындарда 1500-ден астам жазатайым оқиғаға жол беріледі, оның 200-ге жуығы өліммен аяқталады.