Қазақстанда кәсіпорындар суды қайта пайдалануға көшеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы өнеркәсіп кәсіпорындары мен жылу энергиясын өндіруші ұйымдар суды қайта пайдалану және айналымдағы сумен жабдықтау жүйесіне көшуге арналған 168 жоспар әзірледі, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігі.

Фото: Kazinform

Министрліктің мәліметінше, өткен жылы қабылданған жаңа Су кодексіне сәйкес өнеркәсіп кәсіпорындары мен жылу энергиясын өндіруші ұйымдар суды қайта пайдалану және айналымдағы сумен жабдықтау жүйесіне кезең-кезеңімен көшуге арналған бес жылдық жоспар әзірлеуге міндетті. Сонымен қатар қолданыстағы сумен жабдықтау жүйелері ең озық қолжетімді технологияларды пайдалана отырып жаңғыртылуы тиіс.

Қазіргі уақытта Су ресурстары және ирригация министрлігі өнеркәсіп кәсіпорындары мен жылу энергиясын өндіруші ұйымдарға түгендеу жүргізген. Сондай-ақ айналымдағы және қайта пайдаланылатын сумен жабдықтау жүйесіне көшу жөніндегі жоспарларды орындамаған жағдайда рұқсат етілетін су пайдалану көлемін қысқартуды көздейтін нормативтік құқықтық актілер әзірленіп жатыр.

– Барлық өнеркәсіп кәсіпорындары мен жылу энергиясын өндіруші ұйымдар бұл жоспарларды әзірлеуі тиіс. Келесі жылдан бастап бұл құжаттар арнайы су пайдалануға рұқсат алу үшін міндетті талапқа айналады. Бұл шаралар Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасында белгіленген мақсатты көрсеткіштерге сәйкес өнеркәсіп саласында суды қайта пайдалану үлесін 28%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су саясаты департаментінің директоры Серікжан Бекетаев.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын шамамен 25 млрд текше метр су тұтынылады. Оның шамамен төрттен бірі өнеркәсіп саласының қажеттілігіне жұмсалады.

Айта кетейік, Қызылордада 53 жер учаскесі мен 6 су айдыны мемлекетке қайтарылды.