«Колледж түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие болып, лайықты жалақы алуға тиіс. Біздің бірлескен жұмысымыздағы ең басты мақсат – осы. Соған байланысты мынадай тапсырмалар беремін. Біріншіден, Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, «Атамекен» палатасымен бірлесіп, алдағы Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында Техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау бойынша кешенді жоспар әзірлесін. Ол колледждерді техникалық жағынан қамтамасыз ету, оқытушылар құрамы мен оқу бағдарламаларына қойылатын талаптар, колледждердің жұмыс сапасын бағалау және оларды қаржыландыру бағытында нақты шараларды қамтуға тиіс. Екіншіден, Еңбек министрлігі мен «Атамекен» палатасына салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті еуропалық жіктеуіш негізінде Цифрлық дағдылар банкін қалыптастыруды қамтамасыз етсін», - деді О. Бектенов.
Оның пайымынша, Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы негізінде түлектердің жұмысқа орналасуына жәрдемдесу үшін сертификатталған колледж түлектерінің тізілімін құру қажет. Бұдан басқа, белгіленген үлгідегі құжаттарды бере отырып, жұмысшы біліктілігін тану орталықтарының желісін дамыту керек.
«Ғылым және Оқу-ағарту министрліктері ұқсас мамандықтар бойынша университеттерде оқуын жалғастырып жатқан колледж түлектеріне арналған гранттар санын ұлғайта отырып, мемлекеттік тапсырыс құрылымын қайта қарауға тиіс. Біздің алдымызда жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін дамыту бойынша ауқымды жұмыс тұр. Бұл еліміздің бәсекеге қабілетті экономикасы мен дәйекті дамуын қамтамасыз ету үшін қажет», - деді Үкімет басшысы.