Министрдің айтуынша, DVC препараты Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық зертханада әзірленіп жатыр, қазір ол клиникалық сынақтардың соңғы кезеңінде.
— Өткен жылы препарат адамдарға клиникалық сынақтан өтті. Қазір сынақтар Астанадағы онкологиялық орталық базасында жалғасып жатыр. Сонымен қатар Қарағандыдағы және басқа да өңірлердегі онкологиялық орталықтар тартылған, — деді Саясат Нұрбек.
Оның сөзінше, жобаның мерзімінің ұзаруына халықаралық талаптарды сақтау қажеттігі себеп болған.
— Препаратты тіркеу үшін ұлттық талаптармен қатар халықаралық стандарттарды да орындау қажет болды. Осыған байланысты қосымша клиникалық сынақтар жүргізіліп жатыр. Бұған дейін олар Алматыда өтті, қазір Астанада және өңірлерде жалғасуда. Бұл жұмыстар Денсаулық сақтау министрлігімен және дәрілік заттарды тіркеу мен сараптау ұлттық орталығымен бірлесіп жүргізілуде. Еуразиялық экономикалық одақтың талаптары да ескеріліп отыр, — деді министр.
Министрдің айтуынша, барлық сынақтар аяқталғаннан кейін препаратты тіркеуге ұсыну жоспарланып отыр.
— Биыл жылдың соңына дейін тіркеуге құжат тапсырамыз. Тіркеу рәсімі аяқталған соң препаратты медициналық ұйымдарда қолдануға мүмкіндік болады, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін алғашқы отандық қатерлі ісікке қарсы препаратты 2025 жылдың соңына дейін тіркеу жоспарланған болатын.