Қазақстанда барлық қалдық түрін реттейтін тұжырымдама әзірленіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде қалдықтарды басқару саласындағы қаржыландырылатын жобалар саны 5 есе артады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлім етті.
— Биыл 28 наурызда Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында коммуналдық және өндірістік қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы саясатты жүйелі түрде қайта қарау қажеттілігіне ерекше назар аударылды, — деді Жомарт Әлиев Астанада өткен IX еуразиялық бизнес форумында.
Осы орайда Экология және табиғи ресурстар министрлігі мүдделі тараптармен бірқатар бастаманы қолға алды:
— 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін барлық қалдық түрін басқару жөніндегі тұжырымдама әзірлеу;
— Қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды іске асыру жұмысын жандандыру және қаржыландырылған жобалар санын 5 есе арттыру;
— Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату саласындағы жобалар тізбесін айқындау;
— Қалдықтарды есепке алу және мониторинг жүргізу бойынша цифрлық шешім енгізу;
— Өңір әкімдіктеріне қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі әр жобаны пайдалануға берілгенге дейін толық сүйемелдеуді қамтамасыз ету.
— Өнеркәсіп және құрылыс және Энергетика министрлігіне өндірістік қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын өнеркәсіптік және энергетикалық кәсіпорындарға қолдау көрсету мен ынталандырудың нақты шараларын әзірлеу.
— Жоғарыда аталған қадамдар қалдықтармен жұмыс істеудің орнықты әрі ашық жүйесіне жедел көшуге саяси ерік-жігер бар екенін көрсетеді және саладағы ұлттық стратегияны күшейтуге негіз, — дейді министрдің орынбасары.
Бұған дейін Экология вице-министрі Жомарт Әлиев Қазақстанда «Жасыл» салық енгізу туралы ұсынысты жан-жақты талдау қажеттігін айтқан еді.
Айта кетейік, бүгін Астанада «Жаңартылатын энергия және қалдықтарды қайта өңдеу» атты тақырыпта ІХ еуразиялық бизнес-форум өтті. Аталған жиында Мәжіліс депутаты Ажар Сағындықова Қазақстанда қалдықтарды басқару бойынша жеке заң жобасын әзірлеу керектігін айтып, «жасыл» салық енгізуді ұсынды.