Бұл туралы бүгін Астанада «Интеграция: тіл, мәдениет, салт-дәстүрлер» атты халықаралық білім беру жобасының тұсаукесері барысында «Тілдарын» тілдерді оқыту инновациялық технологиялары әдістемелік орталығының кеңесшісі Виталий Александров мәлім етті.
«Проектор арқылы бұлтты аспанда сөздерді, қазақ тіліндегі сөз тіркестерін түсіре алатын технологиялар бар. Елордадағы Есіл жағасында осы технологиялар арқылы белгілі бір уақыт сайын қазақ тіліндегі сөздерді шығаруға болар еді. Балаларға арналған планшеттік қосымшалар жасау туралы мәселе көтерілген болатын. Біз ол жұмысты бастап кеттік, қазіргі уақытта iPad-қа арналған қосымша құрастырылуда», - деп атап көрсетті ол.
Сонымен қатар айта кетейік, «Қазақстан халқы Ассамблеясы қоры» Қоғамдық қоры жанындағы «Тілдарын» тілдерді оқыту инновациялық технологияларының әдістемелік орталығы, әлемге әйгілі лингвист Дмитрий Петровтың тәжірибесі негізінде мемлекеттік тілді жеделдетіп оқытудың бірегей әдістемесін әзірледі.
Бұл әдіс бойынша бірінші топ Түркияда оқытылып жатыр. Бүгін онлайн режімде Түркия-Қазақстан бейнесабақтары өтті.