Қазақстанда қазіргі таңда энергетикалық қауіпсіздік 100 пайыз қамтамасыз етілген-Д. Тұрғанов

АЛМАТЫ. 2 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанның электр энергетикасындағы генераторлық қуат ішкі сұранысты қамтамасыз етуге толық жетеді. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан Энергетиктер форумында сөз болды.

"Қырғызстаннан биыл үкіметаралық келісім бойынша 1 миллиард 600 миллион кВт/сағ. энергия сатып алдық. Бұл елімізде электр энергиясының тапшылығынан орын алып отырған жоқ. Оны Қырғызстаннан электр энергиясын тұтынудың деңгейі жоғарғы шегіне жеткен кезде қуатты реттеу үшін аламыз"- дейді ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов.

Оның айтуынша, Қазақстанда биыл электр энергиясының экспорты азайды. Ресейдің былтыр апатты жағдай орын алған электр стансасын жылдам қалпына келтіруіне орай жоспарланған экспорт жүзеге аспай қалды. Жалпы бүгінгі таңда Қазақстан өз электр энергиясын өзге елдерге еркін саудалай алады. Көршілес Ресейдің не Қырғызстанның энергетика нарығына ешқандай тәуелділігі жоқ.