Қазақстанда кемінде екі этностың өкілі болса, Ассамблея жұмысын тоқтатпайды - Айдос Сарым

АСТАНА. ҚазАқпарат – Өзге ұлт өкілдерін бір идеяға топтастыру – Қазақстан халқы Ассамблеясының міндеті. Мұндай пікірді Мәжіліс депутаты Айдос Сарым білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда тым болмағанда екі этностың өкілі болса, онда Ассамблея жұмысын тоқтатпайды. Бірақ, ең басты міндеті – мемлекетті нығайтуға, ұлтты топтастыруға, біріктіруге және қазақ тілін үйретуге, қазақ мәдениетін түсіндіруге жұмыс істеу. Құдай сақтасын енді, екі адамның, екі топтың арасында кикілжің туындаса, онда мұндай жағдайда Ассамблея тараптарды бірлікке шақыратын, татуластыратын ұйым болып қалуы тиіс», - деді Айдос Сарым.

Оның атап өтуінше, өзге ұлт өкілдерін бір идеяға топтастыру, үйлестіру Ассамблеяның негізгі міндеті болып қала береді.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясы өтті. «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбында өткен іс-шара барысында Президент этносаралық қатынас, татулық, бірлік, тұрақтлық, тәуелсіздік, қазақ тілі мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталып, Ассамблеяның жаңа сыйлықтары мен орденін бекітуді ұсынды.