Қазақстанда кейбір банктердің жанынан шариғатқа сәйкестік жөніндегі кеңестер құрылады

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова Мәжілісте ислам банк тәсілімен қызмет көрсететін банктердің жұмысы қалай реттелетінін айтты.

- Бүгінгі күні Қазақстанда исламдық банк қызметін жүзеге асыруға жеке ислам банкін құру арқылы ғана жол беріледі. 

Қазір Қазақстанда екі ислам банкі жұмыс істейді – шетелдік «Абу-Даби коммерциялық банкі» және қазақстандық «Заман» банкі. Олардың банк жүйесінің активтері мен кредиттік портфеліндегі жиынтық үлесі 0,5%-дан аз.

Заң жобасында әмбебап банктерге қолда бар лицензиясы шеңберінде исламдық банк операцияларын «исламдық терезелер» арқылы жүзеге асыру құқығын беру көзделеді, - деді ол. 

Ол үшін Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия, Пәкістан, Бахрейн, Кувейт, Катар және Индонезияда кеңінен қолданылатын «исламдық терезелер» моделін пайдалану ұсынылып отыр.

- «Исламдық терезелер» моделі банктерге жеке банкті құрмай, өз құрылымында арнайы бөлімшелер құру арқылы исламдық өнімдерді ұсынуға мүмкіндік береді. Исламдық қаржының ерекшелігін ескере отырып, исламдық қызметті ұйымдастырушылық тұрғыдан оқшаулау, активтер мен міндеттемелерді бөлек есепке алу және басқару, жеке қызметкерлерді бөлу, сондай-ақ қаржы өнімдерін бекітетін және аудит жүргізетін шариғатқа сәйкестік жөніндегі кеңестің болуы көзделген, - деді агенттік басшысы.

Айта кетейік,  Ұлттық банк пен Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі Мәжілісте банктер туралы заң жобасы таныстырды.