Министрдің айтуынша, қазіргі таңда елімізде хирургиялық көмекті 330-дан астам мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдар көрсетеді.
«Соңғы жылдары қазақстандық хирургия айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтсақ, хирургтер әлемдік стандарттар деңгейінде торакалды-абдоминалды аймақ ағзаларына операцияның барлық түрін, оның ішінде ең аз инвазивті хирургияның барлық спектрін, бауыр, ұйқы безі резекциясын табысты жасап келеді. Қазақстанда бүгінгі күні трансплантологияның күрделі бағыты – адамның тірі кезіндегі донорлығы дами бастады. Отандық хирургтер кейінгі 10 жыл ішінде 1600-ден астам тірі донордан ағзаларды ауыстырып салды, бұл көптеген адамның өмірін сақтап қалуға септігін тигізді», - деді министр.
Ол сондай-ақ, министрлік тарапынан салалық және өңірлік донорлық бағдарламаларды әзірлеу мен енгізу, донорлық ұйымдар желісін ұлғайту, трансплантация үйлестірушілері мен трансплантолог дәрігерлерді даярлау, трансплантология саласында зерттеулер жүргізу, инновациялық технологияларды әзірлеу, оларды өңірлерге тарату, халықтың барлық топтары арасында ағза донорлығын дамыту мәселелері бойынша кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу – Қазақстан халқын тиімді трансплантологиялық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Бүгінгі жоғары кәсіби деңгейдегі мамандарды біріктірген Съезд отандық және шетелдік әріптестердің нәтижелі тәжірибе алмасуына, трансплантологияның, шұғыл және жоспарлы хирургияның ең өзекті мәселелерін талқылауға және оның даму перспективаларын айқындауға ықпал ететініне сенімдімін», - деді Ажар Ғиният.
Сөз соңында ол Қазақстан хирургтерінің ІІІ съезінің қатысушылары мен қонақтарына ұлт денсаулығын сақтау жолында нәтижелі жұмыс, ғылыми жетістіктер мен бастамалар тіледі.