Қазақстанда кезіндегі коммунистік нышаннан айырылмай тұрған атаулар аз емес - Б. Аяған

АСТАНА. 1 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстанда кезіндегі коммунистік нышаннан айырылмай тұрған атаулар аз емес. Бүгін Астанадағы «Қазмедиа орталығында» өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының мүшесі, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған осылай мәлімдеді.

«Қазақстандағы елді мекендер аттарын ауыстыру - аса салмақтылықты қажет ететін дүние. Бұл бағытта негізінен құқықтық алаңда әрекет ету қажет. Ал жергілікті жерлердің тарихи атауын қалпына келтірудің өзіндік нормалары, ережелері бар. Өз халқының тарихын терең зерттейтін тарихшы ретінде жеке өз пікіріме келсек, бұны атау ауыстыру деп емес, тарихи атауларын қайтару деп қарау керек дер едім. Осы тұрғыдан алғанда, менің ойымша, Қазақстанның аумағында әлі күнге дейін коммунистік нышанды сақтап қалған атаулар баршылық. Тіпті ел тарихында соншалықты жағымсыз рөлдерді атқарған тұлғаларды ұлықтау үшін қойылған атаулар да аз емес», - дейді Бүркітбай Аяған.

Оның айтуынша, бұл мәселе тек құқықтық аяда шешімін табуы шарт.