Қазақстанда киік етін қайдан және қаншадан алуға болады

АСТАНА. KAZINFORM — Киік еті мен оның бұқтырылған етін қайдан сатып алуға болады және оны табу шынымен қиын ба? Kazinform агенттігінің тілшісі жеке сатушылардың, дүкендердің, өндірушілер мен маркетплейстердің ұсыныстарын, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ресми ақпаратын зерттеп көрді.

Коллаж: Kazinform / Nano Banana

Жеке компаниялар не ұсынады?

Киік етінен дайындалған өнімдердің кең таңдауын OLX сайты ұсынады. Ұсыныстар көбіне Алматы мен Астана қалаларында кездеседі. Мысалы, Алматыдан жарнама бойынша киік етінен қақтама (гриль) таба аласыз, тіпті кәуап та сатып алуға болады. Мұндай деликатестің бағасы — келісі үшін 5500 теңге. Егер 10 килограмм алғыңыз келсе, бағасын 5000 теңгеге дейін түсіреді. Сайттан Алматы қаласы бойынша киік етін оңай табасыз. Келісі 2300-2650 теңге аралығында. Бірақ көп жағдайда ұшасы сатылады, оның салмағы 8-ден 25 килограмға дейін барады. Саудагерлер ветеринарлық сертификат пен ілеспе құжат бар екенін, ал ет қатты мұздатылғанын атап өтті. Сатып алушыға жеткізіп беру қызметі де қарастырылған. Кейбір сатушыларда ол киік етінің құнына қосылған, енді бірі бөлек есептейді. 

— Шариғат талабына сай сойылған. Жағымсыз иісі жоқ. Кәуап, қуырдақ істеуге, қуырып, бұқтыруға, басқа да түрде пайдалануға жарайды, — делінген хабарламада. 

Сайт мәліметінше, Шымкентте киік етінің килограмы — 2 000, Батыс Қазақстан облысының Үлкен Шаған ауылында — 1600, Астанада 2800 теңгеден. Баға сатып алған өніміңіздің салмағына байланысты: 10 килограмм үшін келісіне 2800 теңге, 30 килограмм алсаңыз 2600 теңге, 50 келіге 2400 теңге, 70 келі алған жағдайда 2200 теңге төлейсіз. 

Екібастұзда киік етін сайт арқылы да, тапсырыспен де алдыра аласыз. Бағасы келісіне 2900 теңге шамасында. Ақмола облысында сайт арқылы киік етін Сабынды кенті мен Қорғалжын ауданынан табасыз. Ал ұшасы үшін келісіне 1800 теңге төлейсіз. Әңгіме барысында сатушы айтқандай, бүгінде киіктің салмағы 25 килограмм тартатын тұтас еті қалған.

Астанада, жарнамалар мен ұсыныстардан байқағанымыз, киіктің тұтас еті мұздатылған күйде ғана сатылады, бағасы 4 мың теңгеден басталады. 

— Киік еті құрамында ақуыздың болуына, май мен холестерин көрсеткішінің төмен болуына, темір, мырыш және В дәрумендер тобының мол кездесуіне, жақсы сіңірілуіне, хош иісіне байланысты бағаланады. Екінші тағамдарды, сорпа, ботқа мен гарнир дайындауға жарайды, — деп жазды жарнама авторы.

Алматыда киіктің бұқтырылған еті жарнама бойынша 2200 теңгеден. Сатушы осы ретте сертификаты бар, ет таза, иісі жоқ екенін жеткізді.

— Еті дәмді, бұзау етін еске түсіреді. Дәмін бір татқаннан жегіңіз келе береді. Кешкі астың оңай шешімі. Сондай-ақ консерв, ботқа дайындауға тапсырыс қабылдаймыз, — делінген хабарландыруда.

Қостанай облысының Станционное ауылында бұқтырылған киік етін 1800 теңгеден сатып жатыр.

Одан бөлек, Астанада хабарландыруға сәйкес киіктің (сондай-ақ елік, бұлан, марал, суыр, қабан және тағы басқа) үй жағдайында бұқтырылған етінің келісіне 3500 теңге сұрайды. Алайда қазіргі күні дәл киіктің еті қолданыста жоқ.

Дүкен мен базардағы сауда

Шымкенттің ашық бөлшек саудасында, базарлар мен хабарландыру алаңдарында киік еті сатылып жатқан жоқ. Қала тұрғындары бұқтырылған киік етін маркетплейстер арқылы басқа қалалардан алдыра алады, өйткені жергілікті супермаркеттер мен дүкендерден де оны таппайсыз. Сатушылар түсіндіргендей, күмәнді өнімге сұраныс жоқтың қасы, шымкенттіктер оның орнына тексерілген жылқы не сиыр етін пайдаланғанды жөн көреді. Бұған ұқсас жағдай еліміздің бірқатар қаласында қалыптасып отыр.

Шымкент қаласы бойынша киік еті жөніндегі ұсынысты қаланың шеткері бөлігінде орналасқан көтерме қоймадан кездестірдік. Мұнда еттің тұтас еті сатылып жатыр, оның салмағы 10-30 келі шамасында шығады. Ал келісі 2200 теңгеге жуық.

Қызылордада киік етін вакуумдық пакетке салып сатады, келісі — 2200 теңгеден. Осыған ұқсас баға Астанада да байқалады. Түркістанда да осы шама, бірақ тек күз бен қыста ғана, яғни сойылғаннан кейін ғана табылады. Әзірге сауда сөрелері бос. 

Арқалықта киік еті 2000 теңгеден, алайда қазіргі кезде сатылып жатқан жоқ.

Коллаж: Kazinform

Өндірушілерден бұқтырылған өнім

Қазақстанда ресми түрде киік етін бұқтырумен айналысатын бірнеше зауыт бар. Оны еліміздің барлық дерлік аймағынан табасыз. Бағасы 1100-1300 теңге аралығында.
Осындай зауыттардың бірі Орал қаласында орналасқан. «Кублей» ЖШС шығаратын 325 грамм құтыдағы өнім еліміздің әр түкпіріне тарайды. Оны супермаркеттен алуға болады. Компания өкілдері мәлімдегендей, жақын арада консерв акция бойынша 900 теңгеден сатылады. Бұл дүкен иелері үстіне 15% қосады десек, сөрелерге 1035 теңге бағамен қойылатынын білдіреді. Таңбаланған тауар өндірушілер бұқтырылған киік етін Қостанайда әзірге ескі бағамен сатып жатыр, құтысы — 1245 теңге, Ақтөбеде — 1249 теңге, Петропавлда — 1100 -1350 теңге аралығында.

Өткен жылы Көкшетауда киік етін бұқтырумен «Бижан» ЖШС айналысқан болатын. Кәсіпорын өкілдері қазіргі күні мұның өндірілмейтінін, дегенмен, кейбір дүкендерде өткен жылдан қалғаны сатылып жатқанын жеткізді. Бір құтысының бағасы — 1150 теңге.

Ресми ақпар

Еске салайық, жуырда Ауыл шаруашылығы министрлігі сұраныстың аздығынан өңдеуші кәсіпорындарда өнім қоры жиналып қалғанын мәлімдеген еді. Бірақ одан киік етінің бағасы өзгерген жоқ. Өнімді өңдеуге ұсынылған ет комбинаттарының саны да сол күйі.
Айтпақшы, киік етінің келісі өткен жылы 1600 теңгеден бағаланған болатын. Сол кезде өнімді қайдан алуға болатыны жарияланды. Алайда ел базарларында ол жоқ. Сауда және интеграция министрлігінен мәлімдегендей, аумақтық департаменттердің ақпаратына сәйкес бөлшек саудада бұл жүзеге асырылмайды. Көп жағдайда фермерлер етті цехқа өңдеуге өткізеді. Киік етін консервілейтін кәсіпорындар қатарында «Кублей», «Торғай ет» және «Ұлы дала К» ЖШС бар.

Біз құзырлы органдарға тағы жүгіндік. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, киік еті де, одан жасалған консерві де сатылмайтын өңірлер қатарында СҚО, Абай, Түркістан, Қызылорда, Жетісу, Алматы, Шымкент, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Астана, Алматы және Ақтөбе облыстары бар. Бұқтырылған киік еті тек бірнеше өңірде сатылады. Қостанай облысының Арқалық қаласында «Торғай ет» ЖШС консерві 1200 теңгеден сатылып жатыр. ШҚО-дағы «Пешеход» супермаркетінде, әлеуметтік супермаркет пен Оралдағы «Аяжан» сауда үйінде 808 теңгеден бағаланады. Бүгінгі күні киік еті Ұлытау облысы бойынша Жезқазғандағы «Большая семья» қоймасында 1700 теңгеден, Ақмола облысы Қорғалжын ауданындағы «Астана Агропродукт» ЖШС-де1800 теңгеден тұр.

Алайда бұл — тек ресми ақпар. Өзіміз көргендей, әлеуметтік желілер мен сайттардағы хабарландырулар бойынша жағдай басқаша.

Маркетплейстердегі киік еті

Бұқтырылған киік етін жегісі келген қазақстандықтар «Кублей» ЖШС-нің құтыдағы өнімін маркетплейстер арқылы сатып ала алады. Алайда мұндағы баға кәсіпорынның өзіндегі бағадан әлдеқайда қымбат. 325 грамм құтыдағы деликатес үшін алыпсатарлар 4598 теңге сұрайды. Кейбірі көтерме бағамен өткізеді. Мысалы, бес құтысы — 14454 теңге, алты құтысы — 17350 теңге.

Бұған дейін біз қазақ даласында киік киелі аң екенін, оның еті диеталық және экологиялық таза өнім саналғанын, үй жануарлары арасында оның теңі жоғын жазған едік. Аңшылар мен диетологтар дала еркесінің еті балғын әрі сіңімді, дәмі тіл үйірерлік деп есептейді. Кеңес одағы кезінде киік еті Еуропаға экспортталып, бұқтырылған және мұздатылған күйінде гарнизондарға жеткізілген. Өнім ұзақ сақталатыны және нәрлі болғаны үшін жоғары бағаланған.