Бұл туралы бүгін зияткерлік меншік саласындағы заңнамаға өзгертулер енгізу жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысында ҚР ӘМ Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы Абзал Естаев мәлім етті.
«Авторлық құқық саласындағы қазіргі заманғы проблемаларды шешу үшін алдыңғы қатарлы сандық, ақпараттық технологияларды жаппай пайдалану мүлдем басқа, жаңа әдістерді әзірлеуді талап етеді. Осыған орай кітапханалар мен мұрағаттарға шығарманың бүлінген даналарын алмастыру үшін 1 данамен электронды түрде, яғни, сандық форматта дайындауға құқық беру қарастырылған», - деді А.Естаев.
Оның атап өтуінше, қазіргі қолданыстағы заңнамада авторларға ұжымдық басқару саласынан өз құқығын алу мүмкіндігі берілген. Дегенмен алу тетігінің өзі заңнамада қарастырылмаған.
«Осыған орай, басқарудан өз туындысын алғысы келетін құқық иеленушіге сыйақы төлеу бойынша үш айлық мерзім бекіту ұсынылады», - деді ол.