Қазақстанда қияр мен қызанақ бағасы қанша

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

АСТАНА. KAZINFORM – Көктемде табиғат жаңарып қана қоймай, адамдардың да ас мәзірі өзгереді. Көбі күн жылынған сәтте түрлі көкөністен салат жасап, дастарқанға қояды. Соның ішінде қияр мен қызанақ салаты көптің сүйікті асына айналған. Kazinform тілшісі өңірлердегі бағаны біліп, салыстырды. 

Бағаны салыстыру кезінде айырмашылықты дәл анықтау үшін черри қызанағы емес, көлемі орташа көкөніс таңдалды. Қияр көлемі де шағын болды.

Алматы қаласындағы супермаркеттерде қызанақ бағасы әртүрлі. Жылыжайда өсірілген, қызыл әрі көлемі орташа көкөніс бағасы – 1 600-1 900 теңге аралығында. Ал ірі әрі қызғылт қызанақты 2 400 теңгеге сатып алуға болады. Базардағы баға едәуір төмен. Қызанақтың келісі 1 150 теңгеден басталады. Супермаркеттерде қиярдың келісі – 900-1 200 теңге аралығында. Базардан 700-900 теңгеге сатып алуға болады.

Қонаев қаласында қызанақтың келісі 1 200-1 900 теңге болса, қияр бағасы – 700-1 200 теңге.

Талдықорған қаласында қызыл қызанақ келісі 1 400 теңге болса, қызғылт түстісі – 1 800 теңге. Бұл қалада қиярдың келісі – 900-1 000 теңге. Көтерме базар мен базарда қияр келісі 500-600 теңге болып тұр.

Өскемен қаласында қызанақтың келісі 1 650-2 100 теңгеге, қияр 1 000-1 300 теңгеге сатылып жатыр.

Инфографика: Kazinform

Семейде қызанақтың келісі 1 500 теңгеден басталса, қияр бағасы – 700-1 200 теңге аралығында.

Павлодарда қызанақтың келісі бағасы – 1 150-1 600 теңге, қиярдың келісі – 750-1 150 теңге.

Петропавлдағы көкөніс дүкендерінде қызанақты 1 350-1 500 теңгеге сатса, қияр бағасы – 580-590 теңге. Супермаркеттердегі баға сәл жоғары. Қызанақ бағасы келісіне – 1 600-2 200 теңге, қияр – 700-800 теңге.

Көкшетауда көлемі орташа қызанақтың келісін 1 650 теңгеге сатып алуға болады. Ірісінің бағасы 2 350 теңге болып тұр. Ал қиярдың келісі – 750-900 теңге.

Қарағандыда қызанақ бағасы – 1 300-1 700 теңге, ал қиярдың келісі – 900-1 500 теңге. Ал Жезқазғанда қызанақтың келісі – 1 400-1 800 теңге, қияр – 900-1 500 теңге.

Қостанай қаласында көлемі орташа қызанақ келісі – 1 435 теңге, ал ірісі – 2 100 теңге. Бұл қалада қиярдың келісі 650 теңге болса, жылыжайда өсірілгені – 1 320 теңге. Жергілікті өнімді мұнда 1 725 теңгеге бағалайды.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Ақтөбе қаласындағы супермаркеттерде қызанақтың келісін 1 100-1 287 теңгеге сатып алуға болады. Қиярдың келісі 630-770 теңге болып тұр.

Оралда қызанақ бағасы – 900-1 800 теңге, ал қияр – 800-1 500 теңге.

Атырауда қызанақтың келісі – 850-900, қияр бағасы орта есеппен – 900 теңге.

Ақтау қаласында қызанақ келісі орта есеппен – 900-1 200 теңге, қияр – 800-900 теңге.

Қызылордада қызанақтың орташа бағасы келісіне – 1 200 теңге, қияр – 800 теңге.

Шымкент қаласында баға көкөністі қайдан сатып алғаныңызға байланысты өзгеріп отырады. Мәселен базарда қызанақтың келісі 1 200-2 200 теңге болса, супермаркетте – 1 600-2 200 теңге. Ал қиырдың келісі базарда – 700-1 200 теңге, супермаркетте 1 500-2 000 теңге болып тұр. 

Түркістанда қызанақ келісі – 1 100-1 300 теңге, қиярдың келісі – 700-800 теңге аралығында.

Тараз қаласында қызанақтың келісі 1 300-1 600 теңге болып тұр. Ірісін таңдаса баға 1 800 теңгеден басталады. Ал қиярдың келісі базарда 500 теңгеден басталса, супермаркеттерде – 700 теңге.

Сатушылардың айтуынша, жаз айларына қарай көкөніс түрі көбейеді. Соған сай базарда қияр мен қызанақ бағасы төмендейді. Бағаға көкөністің сұрпы, импортталған ел (кейде басқа өңірден тасымалдайды) және сауда нүктесі әсер етеді.

Бұған дейін Қазақстандағы картоп бағасы туралы жазылды.