Қазақстанда қызылша мен көкжөтелге шалдығу көрсеткіштері төмендеді
АСТАНА.KAZINFORM – елімізде қызылша және көкжөтелмен сырқаттанушылық азайды. Бұл туралы ҚР ДСМ Санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Сархат Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты.
– Қазіргі таңда қызылшамен сырқаттанушылықтың төмендегені жақсы жаңалық. Мәселен, ағымдағы жылдың 8 айында қызылша бойынша сырқаттанушылық өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 91 пайызға төмендеді. Сырқаттанғандардың басым бөлігі бес жасқа дейінгі балалар, олардың 75 пайызы вакцина алмағандар. Көкжөтелге келсек, оның да сырқаттанушылығы айтарлықтай төмендеді 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 азайды. Көкжөтелді жұқтырғандардың 87 пайызы бес жасқа дейінгі балалар, және олардың 90 пайызы вакцина алмаған, – деді С.Бейсенова.
Оның айтуынша, эпидемиологиялық жағдайды толық тұрақтандыру үшін мақсатты жас топтағы балаларды вакциналау көлемін жеткілікті деңгейге жеткізу қажет. Қазіргі уақытта ревакцинация шаралары жалғасып жатыр. Қызылшаға қарсы 191 мыңнан астам бала, ал көкжөтел, дифтерия, сіреспе ауруына қарсы 235 мыңнан астам бала қамтылды.
Бұған дейін Қазақстанда қызылша мен көкжөтелге шалдығу көрсеткіштері 6,8 есе төмендегенін жазғанбыз.