Қазақстанда қызылша өршіп тұр, ал іргелес мемлекеттерде жағдай қалай
Әлемнің 167 елінде қызылша бойынша жағдай күрделеніп келеді. Кейінгі мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда осы жылы қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Вирус барлық өңірде анықталып жатыр. Жоғары деңгей Шымкент қаласында байқалды — 3 мыңнан астам жағдай. Алматы қаласы мен Жамбыл облысында — 2 мыңнан астам науқас, Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Атырау облыстарында 1 мыңнан астам науқас тіркелді.
Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов қызылшамен күреске жергілікті әкімдер белсенді атсалысуы керектігін айтты.
«Аурудың таралуын тоқтату керек. Қызылша асқынып кетсе, балалардың денсаулығына аса қауіп төндіреді. Сондықтан онымен тек денсаулық сақтау жүйесі ғана емес, бүкіл қоғам болып күресуіміз қажет», — деді Премьер.
Үкімет басшысы екпе алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, осы ауруды жұқтырғандардың 82 пайыздан астамы балалар болса, оның ішінде вакцина алмаған балалар — 83 пайыз. Сырқаттану жағдайларының күрт артуы қыркүйек айынан басталған.
«Демек, оқу жылында ұйымдасқан ұжымдарда балалардың жиналуына байланысты байқалды. Салдарынан сырқаттану деңгейі екі есе көбейді. Қараша айында 6 мыңнан астам жағдай тіркелді», — деді Ажар Ғиният.
Қазір елімізде қызылшамен ауырған науқастар үшін инфекциялық ауруханаларда 3,5 мыңнан астам төсек-орын ашылды. Стационарлық емделуге 2375 бала жатқызылған, жүктеме 60 пайызға жетті. Резервте 1093 орын бар. Емдеуге жатқызу Жамбыл облысында — 92%, Алматы қаласында — 88%, Түркістан облысында — 81%, Шымкент қаласында 79% жоғары екені байқалды. Сондай-ақ министр қызылшадан адам өлімі тіркелмегенін атап өтті.
«Емдеуге жатқызылғандардың арасында 30 бала реанимация бөлімшелерінде ауыр жағдайда жатыр. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі 15 бала бар. Өлім-жітім жоқ. Жағдайы ауыр балалардың бәрі министрліктің бақылауында», — деді А. Ғиният.
Мәселен, Қазақстанның бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова қызылша жұқтырғандардың дені вакцина алмағандар екенін нақтылады.
«Бұл ретте, 60%-да балалар егуден бас тартуға байланысты, 18,3%-да — медициналық қарсы көрсетілім бойынша, 21%-да егу жасына жетпеуіне байланысты егілмеген. Аурудың алдын алудың бірден-бір шарасы вакцинация екенін ескере отырып, қызылшаның одан әрі таралуын болдырмау үшін балаларды 6 айдан бастап, сондай-ақ 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды және медицина қызметкерлерін қосымша вакцинациялауды енгізу жоспарланып отыр», — дейді ол.
Атап айтқанда, 1 қарашада бас мемлекеттік санитар қызылшаға қарсы екпе науқанын бастау жөнінде арнайы қаулы шығарды. Сондықтан Үкімет резервінен қызылшаға қарсы екпе сатып алынады. Көрсетілген қаулыға сәйкес 6 қарашадан бастап қызылшаға, қызамыққа және паротитке (ҚКП) қарсы 6-11 айлық балаларға, желтоқсаннан бастап — қызылшаның егу мәртебесіне қарамастан 2-4 жасар балаларға қосымша жаппай иммундау жасалады.
28 қарашадағы мәлімет бойынша жоспарлы иммундаумен 600 мыңнан астам бала қамтылды. Бұл 1 жас және 6 жастағы балалардың 84% деген сөз және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымына сәйкес келеді. Жыл соңына дейін осы жас тобындағы 100 мыңнан астам бала вакциналауға жатады. Қызылша ауруы бар ошақтарда шұғыл вакцинациямен 15 мыңнан астам адам қамтылды. Бұрын егілмеген 18 жасқа дейінгі 63 мың адам соңғы вакциналаумен қамтылды. Бұл — тиісті контингенттің 50%-ы ғана. Әлі 128 мың адамға екпе салынуы керек. Министрдің сөзінше, қызылшамен ауырғандардың 65 пайызы — 5 жасқа дейінгі балалар.
«Осыны ескере отырып, қараша айынан бастап 1 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды қосымша жаппай иммундау басталды. Қазіргі таңда 94 мың бала қамтылып отыр. Жалпы ағымдағы жылы 770 мыңнан астам бала егілді. Қызылшаға қарсы вакцинаның қосымша 1,5 млн дозасы сатып алынды, оның 500 мың дозасы келіп түсті, желтоқсан айында 1 млн доза жеткізіледі. Қосымша иммундаудың тиімділігі 2005, 2015 және 2019 жылдарда қызылшаның өршуі кезінде дәлелденді. Сондықтан біз желтоқсанның ортасында сырқаттанушылықты азайтуға мүмкіндік беретін қосымша жаппай иммундаумен жоғары қамтуға қол жеткізуіміз керек», — деді Ажар Ғиният.
Бұл ретте, Денсаулық сақтау министрі барлық қазақстандық ата-аналарға балаларын қызылшаға қарсы уақтылы вакцинациялауға шақырды.
«Қызылша пневмония, түрлі қабыну, отит секілді, соқырлыққа дейін қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін. Бүгінгі таңда қызылшаны емдеудің өзіне тән емі жоқ, сондықтан мұндай қауіпті инфекциядан сақтанудың жалғыз жолы — тек вакцинациялау. Вакцинаның өзінен қорықпау керек, ол тексерілген, біз оны жыл сайын ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қолданамыз», — деді ведомство басшысы.
Вакцинациялау ережелеріне сәйкес, иммундау педиатр баланы тексергеннен кейін ғана жүргізіледі. Оған анамнез жинау, температураны өлшеу, егілетін адамның жағдайын бағалау кіреді. Содан кейін егуге ақпараттандырылған келісімге қол қойылады. Ары қарай иммундаудан кейін 30 минуттың ішінде егілген нәресте дәрігерлердің бақылауында болады. Қызылшаға қарсы профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес жоспарлы түрде екі рет егіледі: бала алғашқы егуді 12-15 айлығында, екіншісін 6 жаста алады. Осы жылы ДМИ аясында вакцинациялау халықтың мынадай топтарына: 6 айдан бастап 10 ай 29 күн болған балаларға, 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күн болған балаларға, сондай-ақ бұрын егілмеген медицина қызметкерлеріне (55 жасқа дейін), профилактикалық егпе алмаған 18 жасқа дейінгі адамдарға жүргізіледі.
Қараша айының орта кезінде Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева Қазақстанның қай өңірлерінде қызылша өршіп тұрғанын айтқан болатын.
«Қызылшадан туындаған эпидемиологиялық жағдайға байланысты балабақшалар мен мектептер карантинге жабылмайды. Өйткені бұл вакцина арқылы басқарылатын ауру», — деді Н. Әзімбаева.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі қызылша жұқтырған науқастармен байланыста болған әрі қызылшаға қарсы екпе алмаған оқушыларды қашықтан оқуға жіберуді ұсынды. Мәселен, өткен аптаның соңында елордада қызылша ауруы өршіп бара жатқаны хабарланды. Сондықтан елорданың инфекциялық стационарлары қызылшаға байланысты күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Жедел жәрдем шақырған пациенттер саны 2,5 есеге дейін өсті. Бұл вирустық инфекциялар — ЖРВИ, қызылша, жедел ішек инфекциясы жиілігінің артуына байланысты.
Көрші елдердегі жағдай қалай
Қараша айының орта кезінде 2023 жылдың басынан бері Қырғызстанда қызылшаның 4 мыңнан астам жағдайы анықталғаны жарияланды. «Кабар» агенттігінің мәліметінше, бұл тұрғыда осы індетті жұқтырудың ең көбі Бішкек қаласында және Жалал-Абад облысында, яғни әрқайсысында 1 мыңнан астам науқас тіркелді. Жас ерекшеліктеріне қарай саралағанда, 88,3% немесе 3619 жағдай 10 жасқа дейінгі балаларда анықталды. Науқастардың вакцинация жағдайы бойынша 87% немесе 3140 науқас түрлі себептермен екпе алмаған. Қазан айының аяғында Жалал-Абад қаласында қауіпті вирусты сырқат — қызылша өршуіне байланысты екі мектеп қашықтан оқуға көшірілді.
Бұдан бөлек, қараша айында Роспотребнадзор елдегі қызылшаға қатысты жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеді. Ресейдің кейбір аймақтарында індеттің таралуына негізінен екпе алмаған адамдар себеп болған.
«Қазір қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдай бақылауда. 2023 жылы қызылша бойынша дәстүрлі циклдық өсу байқалды. Ресей Федерациясының кейбір өңірлерінде аурудың таралуы деңгейінің өсуі негізінен вакцинацияланбаған азаматтар арасында тіркелді, соның ішінде көрші елдерген келген адамдарда байқалды», — делінген ТАСС ақпаратында.
Ресейде вакцина алуы тиіс тұрғындардың 77,5 пайызына екпе салынған.
Ал Өзбекстандағы жағдайға тоқталсақ, қызылша ауруы негізінен Наманган облысында тіркелген. 2023 жылдың 10 айында осы шаһардың зертханаларында барлығы 735 қызылша ауруы расталды. Бұл ретте, белгілі себептермен екпеден қалып қойған балаларды, сондай-ақ қауіп тобындағы және қызылшамен ауыратын науқаспен қарым-қатынаста болған 6 айдан 5 жасқа дейінгі балаларды егу үшін аймақтарға қызылшаға қарсы вакциналар таратылып жатыр. Наманганда қызылшамен ауырған 255 науқас емделіп жатыр.