Қазақстанда қызылшаға қарсы міндетті жаппай иммундау басталды — Ажар Ғиният
Алматыға іс-сапармен Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният келді. Сапар барысында министр журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Kazinform.
Денсаулық сақтау министрі журналистермен Алматы қалалық N5 емханада кездесті.
Министрдің сөзінше, бүгінде ел бойынша, оның ішінде Алматы қаласында қызылша ауруы бойынша жағдай тұрақты емес.
«Бүгінгі күні негізінен 5 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар қызылшамен ауырып жатыр. Біз оларды ауруханаға жатқызып, ауруы асқынып кетпеуі үшін 3-4 күн бойы бақылаймыз. Біздің бүгінгі басты міндетіміз — қызылшадан қандай да бір өлім-жітімді болдырмау және аурудың асқынуын алдын алу. Сондықтан біз кішкентай балаларды инфекциялық стационарларға жатқызамыз», — деді ол.
Оның айтуынша, бүгінде ел бойынша стационарларда төсек-орындардың 52%-ы бос емес.
«Қызылша ауруы ауа тамшылары арқылы беріледі. Бүгінде науқастардың көбею себебі, соңғы 5 жылда екпе алмаған адамдар көбейген, тиісінше оларда иммунитет жоқ. Сол себепті олар бұл аурумен ауырады», - деді министр.
Ол қазір жағдай бақылауда екенін айтты. 6 қарашадан бастап ел бойынша қызылша, қызамық пен паротитке қарсы балаларды қосымша жаппай иммундау басталды.
«Қосымша иммундау ата-аналарының рұқсатымен екпе алмаған балаларға жүргізілді, ал қазіргі уақытта инфекцияны тоқтату үшін міндетті жаппай иммундау басталды», - деді Ажар Ғиният.
Еске салайық, Ажар Ғиният осыған дейін қызылша ауруы өршіген өңірлерді айтқан еді. Оның ішінде Шымкент, Алматы қалаларында, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Атырау облыстары бар.
Сондай-ақ Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов қызылшамен күреске жергілікті әкімдер белсенді атсалысуы керектігін айтты.
«Аурудың таралуын тоқтату керек. Қызылша асқынып кетсе, балалардың денсаулығына аса қауіп төндіреді. Сондықтан онымен тек денсаулық сақтау жүйесі ғана емес, бүкіл қоғам болып күресуіміз қажет», - деді Премьер.