— Бүгінде Қазақстанда ер адамдар үшін жалпы белгіленген зейнеткерлік жас — 63, әйелдер үшін — 61 жас. Сонымен қатар Әлеуметтік кодекске сәйкес, 8 жасқа дейінгі 5 және одан да көп бала тәрбиелеген әйелдер 53 жаста зейнетке шыға алады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлердің әлеуметтік қорғауын арттыру мақсатында арнайы әлеуметтік төлемдерді тағайындау көзделген. Аталған төлемді 55 жасқа толып, кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасын төлеген азаматтар алуға құқылы. Осылайша, бұл санаттағы жұмысшылардың зейнет жасына жеткенге дейінгі зиянды жағдайы бар жұмыстан шығуға және арнайы әлеуметтік төлем алу құқығы бар, — деп түсіндірді Анель Шенеева.
Сондай-ақ министрлік өкілі құқық қорғау органдарының қызметкерлері де еңбек өтіліне қарай зейнетке ерте шыға алатынын айтып отыр.
— Еңбек өтілі бойынша зейнетақы тағайындауды қызметкер жұмыс істейтін бөлімге байланысты тиісті мемлекеттік органдар жүргізеді, — дейді ведомство маманы.
Айта кетсек, биыл қазақстандықтарға 2 трлн теңгеден астам зейнетақы төленді.
Сондай-ақ қазақстандықтар зейнетақы қорынан 449,9 млрд теңге жинағын шешіп алды.