Қоқыс көлемі артып келеді
Президенттің қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи жүйесін дамыту жұмыстарын жеделдету жөніндегі тапсырмасынан кейін Қазақстандағы қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) басқару мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені шешуді созбалаңға салу экологиялық тәуекелдерді арттыратынын бірнеше рет атап өтті. Қалдық көлемі өскен сайын оларды жинау, сұрыптау, қайта өңдеу және көму жүйесіне түсетін жүктеме де күшейіп келеді.
Мәселенің ауқымы қандай? Бүгінде Қазақстанда ҚТҚ сақталатын 2 911 ресми орын бар. Алайда олардың небәрі 20%-ы экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келеді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2016 жылдың өзінде ресми полигондарға шамамен 125 млн тонна тұрмыстық қалдық көмілген. Содан бері көлем артып келеді.
Қазір елімізде жыл сайын шамамен 4,5 млн тонна ҚТҚ түзіледі. Соңғы бес жылда көрсеткіш жыл сайын орта есеппен 200 мың тоннаға көбейіп отырған. Өсім халық санының артуымен ғана емес, тұтыну құрылымының өзгеруімен де байланысты. Жеткізу қызметтері арқылы тауарға тапсырыс беру көбейді, тұрмыстық техника мен электроника жиі жаңартылады, қаптама көлемі артты, жөндеу жұмыстары да көбейді, яғни тұтыну көлемімен бірге тауарлардың қалдыққа айналу қарқыны да үдей түсті. Дегенмен қалдықтың көп болуы оның бәрі қайта өңдеуге жарамды дегенді білдірмейді.
6 жыл бұрын еліміздің бірқатар өңірінде жүргізілген зерттеуге сәйкес, қалдықтардың 35–40%-ын органикалық қалдықтар, шамамен 16%-ын PET-пластик, 11%-ға жуығын қағаз бен картон, тағы 9%-ын шыны қаптама құрайды. Қалған бөлігіне пластиктің басқа түрлері, шиналар, кірпіш, бетон, металдар, гигиеналық және медициналық қалдықтар мен басқа да фракциялар жатады. Жалпы алғанда, бұл құрылым бүгін де өзекті.
Алайда оның едәуір бөлігі әлі де бөлек жиналмайды. Тамақ қалдықтары қағаз, пластик және шынымен араласып, қағаз суланып, ластанады, ал пластик бастапқы сапасын жоғалтады. Соның салдарынан жеке жиналған кезде құны бар және қайта өңдеуге сұранысқа ие болуы мүмкін материалдар аралас қалдыққа айналады.
Заңсыз қоқыс орындарының саны азайып келеді
Дегенмен, бұл бағытта оң өзгерістер де бар. Соның бірі – заңсыз қоқыс орындарының азаюы. 2018 жылдан бері Экология министрлігі «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, аумақтарға спутниктік мониторинг жүргізіп келеді. Анықталған қоқыс орындарының координаттары әкімдіктерге жіберіліп, олар заңсыз үйінділерді жойып, қайта пайда болуына жол бермеуді бақылауда ұстайды.
Нәтиже де байқалады. Егер 2020 жылдардың басында ғарыштық мониторинг жыл сайын 8 мыңнан астам заңсыз қоқыс орнын анықтаса, өткен жылы олардың саны 3828-ге дейін азайған. Оның 3629-ы немесе 95%-ы жойылды.
Министрлік мұны бақылау мен жауапкершіліктің күшеюімен байланыстырады. 2025 жылғы наурызда белгіленбеген жерге қалдық тастағаны үшін 100-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл енгізілді. Қайталанған жағдайда оның мөлшері құқық бұзушының санатына қарай 2000 АЕК-ке дейін жетеді. Сонымен қатар қайталама құқық бұзушылық кезінде қалдықтарды тасымалдауға пайдаланылған көлікті тәркілеу мүмкіндігі қарастырылды.
Биыл наурыздан бастап әкімдіктер қоғамдық орындарды ластағаны және абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттамаларды өздері толтыра алады. Ал маусымда белгіленген лимиттерден асып кету, қалдықтарды экологиялық рұқсатсыз жинақтау немесе көму үшін жауапкершілік күшейтілді. Белгіленген лимиттен тыс немесе тиісті рұқсатсыз орналастырылған қалдықтарға көму төлемінің 10 000%-ы мөлшерінде айыппұл белгіленді.
Алайда заңсыз қоқыс орындарын жою мәселенің сыртқы көрінісін ғана реттейді. Қалдық ресми контейнерге түскеннен кейін оны қайта өңдеуге бағыттау әлдеқайда күрделі міндет.
Бұл жерде де белгілі бір ілгерілеу бар. Экология министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы түзілген 4,2 млн тонна ҚТҚ-ның 985 мың тоннасы немесе 21,1%-ы сұрыпталып, қайта өңделген. 2025 жылы жалпы қалдық көлемі шамамен 5 млн тоннаға жетіп, оның 1,5 млн тоннасы немесе 30,6%-ы сұрыптауға және қайта өңдеуге бағытталды. Бес жыл ішінде сұрыпталып, қайта өңделген қалдық көлемі бір жарым есе өсті, ал оның жалпы қалдық көлеміндегі үлесі шамамен 10 пайыздық тармаққа артты. Ендігі мақсат – көрсеткішті 2030 жылға қарай 40%-ға жеткізу.
Бір зауыт жеткіліксіз
Қалдықтарды қайта өңдеу көлемін арттыру үшін мемлекет ең алдымен қажетті инфрақұрылымды дамытуға кірісті. Утилизациялық алым есебінен көрсетілетін қолдау аясында сұрыптау кешендерін салу, қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу және арнайы техника сатып алу бойынша бірқатар жоба мақұлданды.
Бұл жұмыстар біртіндеп нәтиже бере бастады. Рудный мен Шымкентте шиналар мен құрылыс қалдықтарын қайта өңдейтін өндірістер іске қосылды. Бүгінде Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы Инвестициялық штаб жалпы құны 374,8 млрд теңгені құрайтын 68 жобаны мақұлдаған. Оның 30-на 116 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыру берілді.
Қолдау тапқан жобалардың бесеуі жылына 640 мың тонна қалдық қабылдайтын сұрыптау кешендерін салуға, 16-сы жылдық қуаты 430 мың тонна болатын қайта өңдеу кәсіпорындарын құру мен кеңейтуге, тағы тоғызы арнайы техника алуға бағытталған.
Жобалардың бір бөлігі қазірдің өзінде аяқталды. 12 жоба толық іске қосылып, 122 арнайы техника сатып алынды. Сонымен қатар жылына 140 мың тонна қалдық сұрыптайтын желілер мен 18,3 мың тонна қалдықты қайта өңдейтін өндірістер жұмысын бастады.
Мұндай жобаларға қаражат 15 жылға дейін жылдық 3% мөлшерлемемен беріледі. Қолдау макулатура мен PET-бөтелкелерден бастап, шиналар мен тамақ қалдықтарын қайта өңдеуге дейінгі түрлі бағыттарды қамтып отыр.
Сол жобалардың бірі Көкшетауда жүзеге асырылуда. «Эко-DUMP» серіктестігі жылына 70 мың тонна қалдық қабылдайтын сұрыптау және қайта өңдеу кешенін салып жатыр. Кәсіпорында пластик, ағаш және құрылыс қалдықтары өңделіп, қайталама шикізат өндіріледі. Органикалық қалдықтар жерді рекультивациялауға және құрылысқа пайдаланылатын техникалық топыраққа айналдырса, қалған бөлігі цемент зауыттарына арналған RDF отыны ретінде кәдеге жаратылады.
Компания осындай нысандарды Бурабай және Зеренді аудандарында да іске асырып жатыр. Үш кәсіпорынның жалпы қуаты жылына 150 мың тонна қалдықты құрауы тиіс.
«Эко-DUMP» ЖШС директоры Мәриям Әбішеваның айтуынша, мемлекеттік қолдау мұндай жобаларды жүзеге асырудың негізгі тетігі болып отыр.
– Жобаның құны – 7,2 млрд теңге. Оның 70%-ы, яғни 5 млрд теңге, «Жасыл даму» АҚ арқылы Өнеркәсіпті дамыту қоры тарапынан жылдық 3% мөлшерлемемен 12 жылға берілді. Қалған 30%-ын Ақмола облысының әкімдігі мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қаржыландырды, – деді ол.
Кәсіпкердің сөзінше, қалдықтарды қайта өңдеу саласында мұндай қолдаусыз ірі жобаларды іске асыру қиын.
– Біз Көкшетаудағы жалғыз заңды полигонды басқарамыз. Уақыт өте келе қоқысты жай ғана жинай беру мәселені шешпейтінін түсіндік. Оны қайта өңдеу қажет. Бірақ мемлекеттің қолдауынсыз бұл бизнес экономикалық тұрғыдан өте күрделі, – деді спикер.
Шикізат жетіспейді
Дәл осы жерде қайта өңдеу экономикасының негізгі мәселесі көрінеді. Яғни зауыттың болуы жеткіліксіз, оған тұрақты әрі сапалы шикізат қажет. «LS Ecolife» ЖШС директоры, қайта өңдеу саласының тәжірибелі маманы Сергей Лущинский қалдықтарды біртұтас масса емес, қағаз, шыны, PET-бөтелке, пленка, пластиктің басқа түрлері, металл, органикалық және қалдық фракциялар ретінде қарастыру қажет екенін айтады.
Әр фракцияның өзіндік шығыны бар. Шикізатты жалпы қалдық ағынынан бөліп алу, жинау, қабылдау пунктіне жеткізу, сұрыптау, тазалау, престеу немесе ұсақтау, қажетті көлемге дейін жинақтау және өндірушіге тасымалдау, мұның барлығы қосымша шығынды талап етеді. Сондықтан қайта өңдеу зауытқа шикізат түскен кезде емес, оны қалдықтан бөліп алудан басталады.
Қазақстанда бұл тізбекке ел аумағының кеңдігі қосымша қиындық туғызады. Шағын көлемдегі қайталама шикізатты алыс қашықтыққа жинап, тасымалдау оның өзіндік құнын арттырады. Кей жағдайда нарықтағы бағасы осы шығындардың барлығын өтеуге жетпейді.
Бұған қоса полигон сырт көзге орасан зор шикізат көзі болып көрінгенімен, қайта өңдеуші үшін ондағы қалдықтың бәрі бірдей құнды ресурс емес.
– Сапалы қалдыққа қол жеткізу қиын. Себебі елімізде қоқыстың басым бөлігі алдын ала сұрыпталмайды. Бізде қашықтық үлкен, ал түсетін шикізат көлемі аз. Полигонда жүргенде қоқыс өте көп сияқты көрінеді. Бірақ оның барлығы бірдей қайта өңдеуге жарамайды, – деді Мәриям Әбішева.
Себебі полигонға түскен қалдықтардың басым бөлігі араласып, ластанып, бастапқы сапасын жоғалтады. Олардың ішінен пайдалы материалды қайта бөліп алу үшін қосымша қаражат пен еңбек қажет. Әсіресе қағаз бен картон сияқты ылғал мен ластануға сезімтал материалдар үшін бұл маңызды.
Осылайша, мәселе қайта өңдеу қуаттарының жетіспеуінен ғана емес, шикізатты зауытқа жеткізетін бастапқы жинау жүйесінің әлсіздігінен де туындайды. Егер тұрғынға қағазды, пластикті немесе шыныны бөлек тапсыру ыңғайсыз болса, олар қайтадан жалпы контейнерге түседі. Ал қабылдау пунктіне аз көлемдегі шикізатты жинау тиімсіз болса, кәсіпкер қабылдау желісін кеңейтуге мүдделі болмайды.
Бұл тапшылықты қазақстандық кәсіпорындар кейде импорт арқылы өтейді. Ірі көлемдегі қайталама шикізат қажет болған кезде олардың бір бөлігі оны көрші елдерден сатып алуға мәжбүр.
Шикізат тапшылығын күшейтетін тағы бір фактор – жеке тұлғалардан қайталама шикізат сатып алуға қатысты салықтық талаптар. Сергей Лущинскийдің айтуынша, халыққа төлем жасау кезінде жеке табыс салығын ұстап қалу және қажетті құжаттарды рәсімдеу бизнес шығынын арттырып, шағын жеткізушілермен жұмыс істеуге деген қызығушылықты төмендетеді.
– Қолданыстағы тәртіп, соның ішінде халыққа төлем жасаған кезде жеке табыс салығын ұстап қалу және құжаттарды рәсімдеу қажеттілігі шығындарды арттырып, бизнестің шағын жеткізушілермен жұмыс істеуге деген қызығушылығын төмендетеді, – деді ол.
Қайта өңдеушіге тек несие жеткіліксіз
Шикізатты жинап, қайта өңдеу жолға қойылған күннің өзінде, мәселе мұнымен бітпейді. Кәсіпорын үшін ендігі сұрақ – дайын қайталама шикізатты кімге және қандай көлемде өткізуге болады?
Қазақстандағы Tetra Pak сияқты көпқабатты құрама қалдықтарды қайта өңдейтін жалғыз кәсіпорын – «Север-Комбинат» серіктестігінің бас директоры Әнуар Түлекпаев саланың негізгі кедергілерінің бірі ретінде тұрақты шикізат ағынының болмауын айтады.
– Қайта өңдеу кәсіпорындарын салуға дайын инвесторлар бар. Бірақ инвестор шикізатты қайдан алатынын, оның көлемі қанша болатынын және қандай бағамен сатып алатынын түсінуі керек. Бүгінде қайталама шикізаттың едәуір бөлігі не сұрыпталмайды, не көлеңкелі айналымға және экспортқа кетеді, – деді ол.
Бұл ретте жеңілдетілген қаржыландырудың өзі мәселені толық шешпейді. Ол кәсіпорын салуға мүмкіндік бергенімен, зауыттың тұрақты жұмыс істеуіне кепілдік бермейді. Сондықтан бизнеске ұзақ мерзімді әрі түсінікті ережелер қажет.
– Бүкіл әлемде қалдықтарды қайта өңдеу – табыстылығы төмен бизнес. Мұндағы бірінші әрі маңызды міндет – елді экологиялық тұрғыдан тазарту. Сондықтан сала барлық жерде субсидияланып, қолдау көрсетіледі. Егер тұрақты әрі ашық қолдау болса, қайта өңдеу көлемі өседі, ал болмаса, сала тек күнкөріс деңгейінде жұмыс істейді, – деп есептейді Әнуар Түлекпаев.
Осыған байланысты кәсіпкер өңірлердегі қайта өңдеуге жарамды ҚТҚ ағындарын нақты кәсіпорындарға ұзақ мерзімді әрі ашық шарттар негізінде бекітуді және олардың қозғалысын цифрлық есепке алуды ұсынады.
– «Самұрық-Қазынамен» байланыс жолға қойылса, бұл республика көлемінде үлкен серпіліс болар еді. Номенклатура талаптарына сәйкес келетін барлық тауарларды ең алдымен отандық қайта өңдеушілерден сатып алған дұрыс. Бұл полимерлерге, қағазға және оған қатысты өнімдерге қатысты, – деді кәсіпкер.
Оның пікірінше, мұндай тәсіл бірден екі мәселені шешеді. Біріншіден, бизнеске тұрақты шикізат ағыны қалыптасады және дайын өнімді өткізудің нақты нарығы пайда болады. Демек, мемлекеттік қолдау жеке кәсіпорындарды қаржыландырумен шектелмей, қайталама шикізаттың тұрақты нарығын қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
Екі контейнер неге мәселені шешпеді?
Қайта өңдеу қуаттарының артуы өздігінен нәтиже бермейді. Жүйе бәрібір ең алғашқы буынға – қалдықтарды дұрыс жинауға келіп тіреледі. Қазақстанда қалдықтарды екі фракцияға бөліп жинау бойынша талпыныстар болды. Атап айтқанда, бірқатар өңірде құрғақ және аралас қалдықтарға арналған бөлек контейнерлер қойылды. Алайда тәжірибе көрсеткендей, контейнерді бөлек қоюдың өзі жеткіліксіз.
Экология министрлігі кейбір өңірлерде бұл модельдің неге жұмыс істемегенін түсіндірді.
– Тұрғындар шағымданды, біз тиісті қорытынды жасадық. Жылдың басында төлем тәртібі өзгертілді. Енді қалдықтарды шығаратын ұйым бөлек жинауды ұйымдастырғаны үшін қосымша төлем алуға өтініш бере алады. Ол үшін жарамды фракциялардың шынымен бөлек жиналып, кейін сұрыптау мен қайта өңдеуге жіберілгенін растауы қажет, – деді ҚР ЭТРМ Қалдықтарды басқару департаменті директорының орынбасары Абылай Алмұханов.
Бірақ қаржылық ынталандырумен қатар, жинау орындарының қолжетімділігі де маңызды. Тұрғын қағаз, пластик немесе шыныны қайта өңдеуге тапсырғысы келгенімен, ең жақын қабылдау пункт алыс болса, бірнеше пакет үшін қала арқылы барудың экономикалық мәні болмайды. Жол шығыны тапсырылатын материалдың құнынан асып кетуі мүмкін. Сондықтан министрлік жинау жүйесін қалдық түзілетін орынға барынша жақындатуды көздеп отыр.
Осы мақсатта Астанада ПИК пен МИБ-тердің қайталама шикізатты жинаушы ретінде жұмыс істеу мүмкіндігі сынақтан өткізіліп жатыр. Бұл ұйымдардың тұрғындармен тікелей байланысы бар болғандықтан, жаңа жүйе құрудың қажеті жоқ.
– Адамдардың қоқыстың бір бөлігін қайта өңдеуге тапсыруға деген ниеті қазірдің өзінде бар. Бірақ мұндай қалдықтарды бір жерде сақтау керек болып, кейін пакеттерді қабылдау пунктіне өзің апаруың қажет болса, бұл модель қолайсыз болып қалады. Сондықтан қазір МИБ-тер арқылы көбірек жұмыс істеу керек деп санаймыз. Бөлек жинау әр аулада, яғни қалдық пайда болатын жерде ұйымдастырылуы тиіс, – деді спикер.
Бұдан бөлек, министрлікте қалдықтарды жинау мен қайта өңдеуге салықтық жеңілдіктер енгізу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Дегенмен жүйені өзгерту тек мемлекеттік шараларға байланысты емес. Оның тиімді жұмыс істеуі үшін қайта өңдеуші, жинаушы, тасымалдаушылар және тұрғындардың өзара жауапкершілігі мен белсенділігі де қажет.
Жағдайды қалай түзеуге болады?
Тіпті жақсы ұйымдастырылған сұрыптаудың өзі барлық қалдықты экономикаға қайтара алмайды. Ластанған, аралас немесе техникалық тұрғыдан күрделі фракциялар бәрібір қалады. Оларды қайта өңдеу не мүмкін емес, не экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сондықтан Қазақстан қалдықтарды басқару жүйесіне тағы бір бағыт – энергетикалық кәдеге жаратуды енгізуге дайындалып жатыр. Яғни қайта өңдеуге жарамсыз қалдықтарды термиялық өңдеп, одан электр энергиясын өндіру көзделген.
Бұл тәсілде маңызды шарт бар. Қлдықтарды жағу сұрыптау мен қайта өңдеудің орнын алмастырмауы тиіс. Экология министрлігі хабарлағандай, мұндай тәртіп 2021 жылдан бері Экологиялық кодексте бекітілген. Алдымен пайдалы фракциялар алынып, содан кейін ғана қалған қалдық энергетикалық кәдеге жаратуға жіберіледі.
Мұндай жобалардың экономикалық негізі өндірілген электр энергиясын сатуға байланысты. Қалдықтарды термиялық өңдейтін кәсіпорындар – ірі әрі капиталды көп қажет ететін нысандар. Сондықтан олардың өтелуі қалдықтың өзінен түсетін табыстан гөрі өндірілген энергияны өткізу мүмкіндігіне тәуелді.
Қазақстанда бұл бағыт әзірге жаңа. Елімізде жұмыс істеп тұрған қалдықтарды жағу зауыттары жоқ. Қазір Астана, Алматы және Шымкентте осындай жобаларды іске асыру жөнінде үш қытайлық инвестормен келісім жасалды. Сонымен қатар Корея, Жапония және Түркия инвесторлары да қызығушылық танытып отыр.
Алғашқы жобалардың мегаполистерге бағытталуы түсінікті. Қалдық көлемі неғұрлым көп әрі тұрақты болса, кәсіпорынды қажетті деңгейде жүктеу де, көбірек энергия өндіру де оңай. Дегенмен министрлік мұндай технологияларды өңірлік орталықтарда қолдану мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Әлемде қалдық көлемі аз елді мекендерге арналған қондырғылар да бар.
Қалдықтарды жағу мәселесіндегі басты сұрақтардың бірі – атмосфераға тарайтын шығарындылар. Министрлік заманауи технологиялар тәуекелді айтарлықтай азайтуға мүмкіндік беретінін айтады.
– Заңнамада зауыттардың еуропалық стандарттарға сәйкес жұмыс істеуі және шығарындыларды автоматты түрде бақылау жүйесі болуы нақты белгіленген. Инвесторлардың шығындарының едәуір бөлігі дәл осы тазарту жүйелеріне, сүзгілерге және басқа да технологияларға жұмсалады, – деп түсіндірді Абылай Алмұханов.
Оның айтуынша, министрлік, әкімдіктер және салалық қауымдастық өкілдері Қазақстандағы жобаларға қойылатын талаптарды әзірлемес бұрын шетелдегі осындай кәсіпорындардың тәжірибесін зерттеген.
Сонымен бірге энергетикалық кәдеге жарату сұрыптаудан бас тартуды білдірмейді. Қайта өңдеуге болатын материал пешке түссе, онымен бірге мемлекет оның құнын және оны жинау мен дайындауға жұмсалған шығынды да жоғалтады.
Министрліктің бағалауынша, термиялық кәдеге жаратудан кейін бастапқы қалдық көлемінің шамамен 5–10%-ы ғана қалады. Демек, қалдықтарды жағу зауыттары полигондарды толық алмастырмайды. Олар полигонға түсетін қалдық көлемін азайтып, оның негізгі қызметін – тек қайта пайдалануға, қайта өңдеуге немесе энергетикалық кәдеге жаратуға келмейтін қалдықтарды қабылдауға дейін қысқартуы тиіс.
Өңірлерге әртүрлі жүйе қажет
Қалдықтарды басқаруда бір ғана әмбебап шешімге сүйенуге болмайды. Бұған ең алдымен елдің географиясы әсер етеді. Астана, Алматы және Шымкентте халық тығыз әрі қалдық көлемі жоғары болғандықтан, ірі сұрыптау кешендері мен қайта өңдеу кәсіпорындарын, болашақта энергетикалық кәдеге жарату нысандарын салу экономикалық тұрғыдан тиімді.
Ал шалғай өңірлердегі жағдай мүлде бөлек. Елді мекендердің арасы ондаған, тіпті жүздеген шақырымға созылады, ал кей ауылдарда бірнеше жүз ғана адам тұрады. Мұндай жерде ірі қалаға арналған модельді сол күйінде қолдану экономикалық жағынан ақталмайды.
Абылай Алмұхановтың айтуынша, қазіргі таңда қалдықтарды басқарудың барлық кезеңі бойынша үздік нәтиже көрсетіп отырған өңір жоқ.
– Әр өңір қалдықтарды басқару тізбегінің белгілі бір кезеңінде ерекшеленуі мүмкін. Бір жерде полигондардың жағдайы жақсы, басқа жерде сұрыптау жолға қойылған, енді бір жерде аудан деңгейінің өзінде жақсы жобалар бар. Бірақ қалдықтарды басқарудың төрт тізбегінің барлығы да қалыпты жұмыс істеуі қажет, – деді ол.
Мәселе әсіресе жаңадан құрылған Абай, Ұлытау, Жетісу және Алматы облыстарында анық байқалады. Әкімшілік-аумақтық құрылым өзгергенге дейін қазіргі облыс орталықтарының бір бөлігі мұндай мәртебеге ие болмағандықтан, қажетті инфрақұрылым да бүгінгі талапқа сай қалыптаспаған.
Ақтөбе облысында да ірі орталықтардан жүздеген шақырым қашықтағы елді мекендер бар. Солтүстік Қазақстан облысында шамамен 400 елді мекеннің 90%-ында мыңнан аз адам тұрады. Мұндай жағдайда қалдықтарды тұрақты шығару үшін жеке бизнестің қызмет көрсетуі көбіне экономикалық тұрғыдан тиімсіз.
– Мұндай жерде жеке бизнес жұмыс істеуі үшін тарифтің қандай болуы керектігін өздеріңіз де түсінесіздер. Мұндай мәселелер бар. Бұған жергілікті атқарушы органдарды кінәлауға болмайды, өйткені бұл – еліміздің географиялық және аумақтық ерекшелігі. Мұнда басқа модель қажет, – деді министрлік өкілі.
Мәселе қалдық көлемінің аздығында ғана емес. Бірнеше жүз адам тұратын елді мекенге қоқыс таситын көліктің ондаған шақырым қатынауы тасымал құнын қымбаттатады. Сондықтан мұндай ауылдарды жүйеден тыс қалдырмай, логистиканы өзгеше ұйымдастыру қажет.
Министрлік ұсынып отырған модель бойынша шағын елді мекендерден жиналған қалдықтар алдымен уақытша сақтау алаңдарына жеткізіледі. Сол жерде жеткілікті көлем жинақталғаннан кейін қалдықтар ірі партиямен аудан орталығына тасымалданады. Ал сұрыптау қуаты қажетті көлемде шикізат жиналатын нүктелерге шоғырландырылмақ.
– Сұрыптау аз да болса рентабельді болуы үшін белгілі бір көлем қажет. Сондықтан біз оны аудан орталықтарында ұйымдастыруға басымдық беріп отырмыз. Ал әрбір елді мекенге сұрыптау желісін жеткізу мүмкін емес, – деді спикер.
Бұл ретте министрлік кәдімгі қоқыс таситын көліктің тиімді жұмыс істеуі үшін шамамен 60 шақырымды шекті қашықтық ретінде қарастырады. Одан әрі жол ұзарған сайын көліктің тозуы мен тасымал шығыны арта түседі.
Қазір мұндай тәсілдер жекелеген өңірлерде пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр. Мәселен, министрлік Маңғыстау облысымен бірлесіп, аудан деңгейінде коммуналдық қалдықтарды басқарудың тиімді моделін әзірлеу үшін қажетті көлем мен логистиканы есептеп жатыр.
Сондықтан тіпті бір облыстың өзінде бір ғана схема тиімді болмауы мүмкін. Оңтүстіктегі кей ауылдардың халқы солтүстіктегі жекелеген аудандардан көп. Бір жерде тұрақты шығару жеткілікті болса, басқа жерде ауыстырып тиеу станциясы қажет, енді бір өңірде сұрыптау тиімді, ал кей жағдайда қалдықтарды ірі нысанға жеткізу ұтымдырақ.
Зауыттан жүйеге дейін
Өткен жылы елімізде барлық қалдық түрін басқару тұжырымдамасы қабылданды. Құжат негізінен өндірістік қалдықтарға бағытталғанымен, онда өңірлердің ерекшеліктері және аудан деңгейінде коммуналдық қалдықтарды басқаруға арналған пилоттық жобалар да қарастырылған. Бұл тәсіл қалдық мәселесін жекелеген нысандар емес, тұтас жүйе ретінде қарастыруға көшуге негіз болады.
Бұған дейін негізгі назар нақты нысандарды салуға аударылды. Алайда тәжірибе олардың ешқайсысы өздігінен мәселені шеше алмайтынын көрсетті. Бір нысанның тиімділігі бүкіл тізбектің қалай жұмыс істейтініне байланысты.
Мысалы, сұрыптау кешеніне тұрақты қалдық ағыны, қайта өңдеушіге дайын фракция, жинаушыға оны тасымалдаудың экономикалық тиімділігі қажет. Ал халық пен кәсіпорындар үшін қалдық тапсыру ыңғайлы болуы, қоқыс шығаратын компания үшін бөлек жинау тиімді болуы тиіс.
Сондықтан реформаның келесі кезеңі жаңа нысандар салумен ғана шектелмейді. Мемлекет енді бар және құрылып жатқан қуаттарды бір жүйеге біріктіріп, олардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасауы қажет. Яғни мәселе «қанша зауыт салынды?» деген сұрақтан «сол зауыттар арқылы қанша қалдық нақты қайта өңдеуге жіберілді?» деген өлшемге ауысуы тиіс. Нәтижені бағалауда да осы көрсеткіш маңызды.