Қазақстанда көкөніс бағасы тағы да қымбаттады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Наурыз айында көкөніс бағасы тағы қымбаттады, ал жарма құны айтарлықтай төмендеген, деп хабарлады energyprom.kz.

2017 жылдың наурыз айында көкөністер сегментінде бағаның өсуі тіркелді. Мәселен, түйінді пияз бір айда 8,8%-ға қымбаттап, келісіне 86,62 теңгені көрсеткен, картоп - 3,9%-ға, бір келісі 108,95 теңгеге дейін, орамжапырақ - 3,7%-ға, бір келісі 92,17 теңгеге дейін көтерілген. Бірақ, ақпан айының қорытындысында да дәл осы көкөністердің қымбаттағаны байқалған еді. Қыстың соңғы айында картоп құны қаңтар айындағы бағадан 7,9%, пияз - 4,8%, орамжапырақ - 3%-ға қымбаттаған.

Жемістер арасында наурыз айында банан қымбаттаған (айына +1,5%) және алманың құны болар-болмас өзгеріске ұшыраған (+0,2%). Цитрусты жемістер бағасы, керісінше, төмендеген - апельсиндер 1,6%-ға, лимондар - 0,5%-ға арзандаған.

Ет және ет өнімдері сегментінде қой еті (айына +1,5% , келісі 1275,89 тг дейін) және сиырдың бауыры ғана (+1,5%, келісі 775,48 тг дейін) айтарлықтай қымбаттаған. Өзге ет, балық және құс өнімдеріне қосылған баға 1%-дан аспаған.

Сонымен бірге, наурыз айында жұмыртқа құны өткен айдан 3,7%, 10 данасы 275,88 теңгеге дейін төмендеген. Ақпан айында да жұмыртқалар қаңтармен салыстырғанда 4,2%-ға арзандады.

Сүт және ашымал сүт өнімдерінің баға өсімі де тауарлардың басым бөлігінде 1% айналасында қалды.

Ұн және жарма өнімдерінің бағасы да бір айда 1% шамасында қымбаттаған.

Одан бөлек, жарма сегментінде бірнеше өнім бойынша бағалардың төмендеуі байқалды: бір айда күріш 0,2%-ға, келісі 287,56 тг дейін, арпа жармасы - 0,3%-ға, келісі 166,35 тг дейін, қарақұмық - бірден 1,4%-ға, келісіне 424,91 тг дейін арзандады. Оның үстіне, ең қымбат жарма саналатын қарақұмық ақпан айында 0,1%-ға арзандаған.