Қазақстанда көкөністен дайындалған салқын көже бағасы қанша

АСТАНА. KAZINFORM – Адамдар жаз айларында тамақтану тәртібін өзгертеді. Көбіне окрошка, яғни, көкөністен дайындалған салқын көжеге тапсырыс береді немесе өздері жасайды. Kazinform агенттігінің тілшісі қоғамдық тамақтану орындарда және үйде дайындалатын тағам құнын есептеді.

Фото: Kazinform/ЖИ

Жаз айларында көкөністен дайындалған салқын көжеге сұраныс жоғары болады. Құрамы жеңіл (квас, айран және минералды су) және дайындау кезінде көкөністі турап, үлкен табағаса салса жеткілікті. Қарапайым құрамына піскен картоп, жұмыртқа кіреді. Сонымен бірге қияр, шалғам, түрлі көк шөп және піскен ет, оның ішінде шұжық салуға болады. Диеталықтан бастап вегетариандық нұсқасына дейін адамдар өздері таңдайды.

Еліміздегі қоғамдық тамақтану орындарында көкөністен дайындалған салқын көже бағасы әртүрлі болып тұр. Үйден әзірлеген кезде де шығын біркелкі шықпайды. Бағаға бірнеше фактор әсер етеді. Оған өнім сапасы (мейрамханаларда шаруалар жеткізетін көкөніс немесе авторлық қоспа қолдануы мүмкін), орынды жалға алу құны, жұмысшылар еңбекақысы, логистика және қызмет көрсету ақысы кіреді. Баға тамақтану орнына қарай өзгеріп отырады. Асханада арзан, ал дәмхана мен мейрамханада жоғары.

Қазақстан қалаларындағы бағаны салыстырсақ, елімізде окрошка бағасы Көкшетауда арзан. Көкөністен жасалған бір кісілік көже бағасы – 500 теңге. Павлодар мен Петропавл қалаларында (750 теңгеден басталады) және Астанада (800 теңгеден басталады) баға сәл жоғары. Ал Қостанай, Шымкент, Өскемен, Қызылорда, Қарағанды және Алматы қалаларында баға 900 – 1 100 теңге аралығында. Талдықорған, Түркістан және Жезқазған қалаларында дәмхана бағасы орта есеппен 1 200 теңге болса, Семейде 1 390 теңге. Тараз бен Оралда баға 1 500 теңгеден басталса, Ақтөбеде 1 700 теңге. Ақтау мен Атырау тұрғындары үші баға 2 000 теңгеден басталады.

Баға мейрамханаларда 3 000 – 3 200 теңге болып тұр. Мәселен Семейде арнайы пісірілген немесе ысталған сиыр етін қосса баға 2 500 теңгеден басталады.

Негізі көкөністен жасалатын салқын көжені үйден дайындаған әлдеқайда тиімді. Оны кез келген адам жасай алады. Тез дайындалады және талғамға қарай ұнататын көкөністерді қосуға болады. Аскөк, ақжелкенді көп қосып, шұжықтың орнын тауық етімен алмастыру ұсынылады. Тіпті тек көкөністен де әзірлейді. Үйде дайындалатын тағамның сапасы да жоғары әрі сіңімді. Қоспаларын өзіңіз турап, қажетті мөлшерді таңдай аласыз.

Өңірлерде баға қалай түзіледі? Алты адамға арналған тағамды дайындаймыз. Құрамы: 500 гр піскен шұжық, 5-6 дана картоп (600 гр), 6 жұмыртқа, 3-4 қияр (500 гр), 10-12 дана шалғам және көк шөп, тұз, айран мен минералды су (1,5 - 2 л).

Қажетті заттарды сатып алып, көкөністен жасалған салқын көже дайындау шымкенттіктерге арзанға түсіп тұр. Барлығы алты адамға арналған тағамды 2 927 теңгеге дайындауға болады. Бір адамға 488 теңге жұмсалады. Орал қаласында баға сәл жоғары. Алты адамдық салқын көже дайындау құны 3 030 теңге және бір адамға шаққанда 505 теңге шықты. Түркістанда – 3185 /531 теңге, Таразда — 3440 /573 теңге. Талдықорған қаласында алты адамға арналған ас дайындау үшін 3715 теңге жұмсайсыз. Бір адамға шаққанда 619 теңге шығып тұр. Қарағандыда 3820 теңге немесе бір адамға 637 теңге. Бір адамға орта есеппен 600 – 700 теңге шығатын өңірлер қатарында Атырау (алты адамға 3 828 теңге немесе бір адамға 638 теңге), Көкшетау (3 982/666 теңге), Павлодар (4059 /677 теңге), Қызылорда (4 160 /693 теңге), Жезқазған (4 204 /701 теңге), Ақтөбе (4 222 /704 теңге), Алматы (4 283 /714 теңге) және Петропавл (4 316 /719 теңге) бар.

Алты адамға арналған тағамды дайындау кезінде кейбір өңір тұрғындары 5 мың теңгеге дейін ақша жұмсайды. Мәселен Ақтауда алты адамға 4 481 теңге немесе адам басына 747 теңге есептелді. Семейде 4 512/752 теңге, Астанада 4 625/771 теңге, Қостанайда 4 647/775 теңге. Өскемен қаласындағы баға ең жоғары деп саналады. Алты адамға дайындауға 5 115 теңге, ал бір адамға 853 теңге жұмсалады. Соған қарамастан бұл қоғамдық тамақтану орындарына қарағанда арзан. Тек Көкшетау қаласында ғана қоғамдық тамақтану орындарында 500 теңге болса, үйде дайындағанда бір адамға 666 теңге шығады.

Фото: Kazinform

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның қай қаласында балмұздақ бағасы жоғары екенін білдік