Қазақстанда Коксаки вирусы әзірше тіркелмеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ляззат Ақтаеваның айтуынша, Қазақстанға Коксаки вирусының енгені туралы ақпарат жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде қоғамдық денсаулықты қорғау комитеті бар. Аталған құрылым елдің сыртындағы және ішіндегі инфекцияларға санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жүргізеді. Қазақстанға келген барлық туристерде қауіпті вирустардың бар-жоғы тексеріледі. Дәл қазір елімізге Коксаки вирусының келгені туралы ешқандай ақпарат жоқ. Алдағы уақытта тағы қосымша ақпаратты беретін боламыз», - деді Л.Ақтаева бүгін Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, бұған дейін Ресейдің БАҚ Түркияда Коксаки вирусына шалдыққандар жайында хабарлаған болатын. Осыдан кейін ресейлік туристер өз жолдамаларын кері қайтара бастады.
Коксаки вирусы балалар инфекцияларын қоздырғышына жатады. Аталған вирус экзантемасы бар энтеровирусты стоматитке себеп болады. Ондайда асқазанның жұмысы бұзылып, адамның іші өтеді. Денеде бөртпелер пайда болады. Вирус мидың жұмысына да кері әсерін тигізеді. Коксаки алғаш рет 1950 жылы АҚШ-та анықталған болатын.