Қазақстанда көктемгі аңшылыққа тыйым салынуы ықтимал

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің өкілдері өткізген брифингте Қазақстанда кейбір құс түрлеріне көктемгі мерзімде аңшылық жасауға тыйым салу мәселелері көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл әлі бекітілген жоқ. Бірақ бізде экономикалық сараптамадан сәтті өткен биологиялық негіздеме бар. Қазір бұйрық жобасының тиісті оң нәтижелерін күтіп отырмыз», - деді Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Нариман Жүнісов.

Оның берген ақпараты бойынша, республика заңнамасына сәйкес, көктемде аңшылық жасауға тыйым салынған. Бірақ үйрек пен балшықшының аталықтарына, вальдшнепке, құрға аңшылық етуге рұқсат етілген. Аң мен құстың қалған түрлерін аулауға тыйым салынған.

«Кейде үйректің аталығын емес, аналығын атып алған аңшылар ұсталып жатады. Олардың жауабы бір: «бытыра мылтық үйректің аталығы ма, аналығы ма таңдап жатпайды». Сондықтан көктемде барлық құстарға тыйым салуға бұл да бір себепші болып отыр», - деді ол.

«Көктемде аңшылыққа шығуға тыйым салынбағандықтан, кейбір аңшылар атып алуға болмайтын аң түрлерін қанжығасына салып жатады. Оның ішінде тұяқтылар да бар. Оларды біз ұстап жатамыз», - деп атап өтті Н. Жүнісов.

Оның нақтылауынша, бұрын осындай тыйым салу туралы шешім талқыланған, алайда қазір ол өзектене түсті. Оның басты себебі - қазір құс популяциясының күрт төмендеуі болып отыр. Оның үстіне шетелден келетін аңшылар да артып кеткен. Егер 2015 жылы заңсыз аң аулаудың 636 фактісі тіркелсе, 2016 жылы 758 оқиғаға дейін өскен.

«Көктемде құстардың көбейетін тұсы. Осы аралықта аң аулау құстардың ұя салуына кедергі болады және табиғи өсімге нұқсан келтіреді. Сонымен қатар көктемде аңшылар ірі аталықтарға көз сүзеді, ол өз кезегінде құстардың генофондына үлкен зардабын тигізуде», - деп атап өтті ол.

Егер аталмыш тыйым қолданысқа енсе, көктемде аңшылық еткен азаматтарға айыппұл салынады. Атап айтқанда, аңшыларға 5 АЕК көлемінде айыппұл тағайындалады. Егер ол қайталанған жағдайда 15 АЕК айыппұл қарастырылған.