Қазақстанда көлемді суық антициклон каһарын көрсетуде - синоптиктер

АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат -Қазақстан аумағының басым бөлігіне көлемді суық антициклон әсері, онымен бірге аязды күн райы сақталуда. Республиканың жекелеген аудандарында атмосфералық ағымдардың өтуіне байланысты 20 желтоқсанда кей жерлерде қар жауып, жел күшеюі ықтимал.

 Бұл туралы Қазгидрометке сілтеме жасаған ТЖМ-нің баспасөз қызметінен хабарлайды.

Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында кейбір жерлерде жел 15-22 м/с дейін күшейіп, Жамбыл облысында күндіз жел екпіні 23-28 м/с дейін жетеді.

Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында түнде және таңертең кейбір жерлерде тұман түседі.

Түнде Қарағанды облысында өте қатты аяз сақталады.

Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Жамбыл облыстарында қатты аяз сақталады, Алматы облысының кейбір жерлерінде өте қатты аяз болады.

Алдағы тәулікте Қазақстанның көптеген су нысандарында мұз қату процесінің күшеюі күтіледі. Республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығысының жекелеген өзендерінде сең тоқтауы, су деңгейінің көтерілуі мүмкін.

Бұрын хабарланғандай, 20-21 желтоқсан күндері температураның төмендеуіне байланысты Алматы облысының жекелеген таулы өзендерінде сең тоқтауы, су деңгейінің көтерілуі ықтимал.