Қазақстанда көліктерге арналған жүйе жанар-жағармайды 30 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда көліктерге арналған «Mobiliuz» жүйесі жанар-жағармайды 30 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында «Mobiliuz» компаниясының бас директоры Руслан Егембаев мәлім етті.

«Біз көліктің, жүргізушінің жағдайын үнемі бақылап тұратын жобаны жүзеге асырудамыз. Кейіннен бұл мәліметтерді қорытып, тапсырыс берушілердің жүйесіне жібереміз. Мысалы, онда көліктің жанармайды қанша көлемде жағып тұрғандығына, көлікті басқару кезінде жүргізушінің жолда ереже бұзуына талдау жасалады. Яғни біздің жасаған тұғырнама көліктің элекроникасына қосылады және онда бірқатар сенсорлар жасақталған. Ондағы мәліметтер стандартты GSM байланысымен бізге мәліметтер түрінде жіберіледі, ал біз өз кезегімізде серверлерде оны өңдейміз»,-деді Р. Егембаев.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда бұл жүйені пайдаланушылар ретінде қоғамдық көліктердің, такси компанияларының иелері және түрлі кәсіпорындар қызығушылық танытуда.

«Біз бірқатар шет мемлекеттерде де коммерциялық жобаларды іске асырудамыз. Біздің жүйе жанар-жағармайды 30 пайызға дейін, сонымен қатар көліктің құрал-саймандары мен қызмет көрсетуде 20 пайызға дейін қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді. Бизнестің ауқымында бұл өте қомақты қаржы»,-деді бас директор.

Мұнымен қоса ол алдағы жылы бірқатар жаңа сервистер енгізілетінін атап өтті.