Қазақстанда көлік жөндеу қызметінің құны қанша

Фото: Kazinform / Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Көлікті қарап, қосалқы бөлшектерін ауыстыру, алыс жолға дайындау қызметінің бағасы еліміздің қалаларында әртүрлі. Автокөлік жөндеу шеберлерінің еңбегі қанша екенін Kazinform агенттігінің тілшісі анықтап білді.

ТҚС қызметінің құны қанша? Бұл өте ауқымды сұрақ. Кез келген жүргізуші бұл сұрақтың нақты жауабы болмайтынын анық түсінеді. Себебі көлік маркасына қарай баға да түрленіп тұр. Көлік неғұрлым бағалы болса, шығын да соған сай жоғарылай береді. Қызмет құнын салыстыру кезінде бағасы орташа көлікке ең қажетті техникалық қызмет көрсету жолы таңдалды. Олар: компьютерлік диагностика (көлікті жөндемес бұрын қай жері бұзылып тұрғанын білу керек), шығу-түйісу бұрышы (көліктің тура жүруі, дөңгелекті «мүжіп» тастамауы үшін қажет), тежегіш қалып жұбын ауыстыру (көбінде желініп қалады), амортизатор тіреуін (біреуі) ауыстыру (егер ескірсе, көлікті басқару қиындайды), оталдырғыш шамын (біреуін) ауыстыру (көліктің оталуына қажетті бөлшек) және дөңгелекті ауыстыру (жүргізушілер маусым сайын ауыстыруы тиіс).

Бағасы ең жоғары қызмет Атырау қаласында болып шықты. Мұнда компьютерлік диагностика құны орта есеппен 4 000-7 000, шығу-түйісу бұрышы – 4 000-6 000, тежегіш қалып жұбын ауыстыру – 5 000-7 000, амортизатор тіреуін (біреуі) ауыстыру 12 000 теңге және одан жоғары, оталдырғыш шамын (біреуін) ауыстыру 2 000-4 000 теңге. Ал төрт дөңгелекті монтаж, демонтаж және баланс жасау қызметінің құны – 10 000 теңге. Барлық қызметті қызметті қосқанда көлікке техникалық қызмет көрсету орталығына кем дегенде шамамен 42 500 теңге керек.

Бұл қызмет құны Жезқазған (41 500), Қонаев (41 000) және Талдықорғанда (41 000) сәл төмен. Дегенмен бұл да өзге өңірлерге қарағанда қызмет құнының жоғары екенін көрсетеді. Мәселен Жезқазғанда диагностика, ал Талдықорғанда шығу-түйісу бұрышы қызметінің құны еліміз бойынша ең жоғары болып тұр.

Ақтөбе мен Қостанай қалаларында баға шамалас. Бұл қызметтердің құны - 38 750 теңге. Бірақ шиномонтаж қызметі маусым ауысқан кезінде көтеріліп, 7 000-10 000 теңгеге, тіпті 25 000 теңгеге жетуі мүмкін.

Еліміз бойынша Петропавл, Өскемен, Семей мен Қарағандыда баға орташа. Көлікке техникалық қызмет көрсету құны шамамен 38 000 теңге. Қазақстан бойынша Павлодар қаласында тежегіш қалып жұбын ауыстыру қызметінің құны – 8 000 теңге. Бұл ең жоғары баға.

Таразда (37 500), Ақтауда (36 500) және Шымкенте (35 500) баға сәл төмен.

Коллаж: Kazinform

Өзге өңірлерге қарағанда қарапайым қызмет түрінің бағасы Алматы мен Астанада қалаларында төмен болып шықты. Бір айта кетерлігі, Алматы қаласында оталдырғыш шамын (біреуін) ауыстыру құны еліміз бойынша қымбат, ал Астанада амортизатор тіреуін (біреуі) ауыстыру қызметінің құны ең арзан болып шықты. Нәтижесінде Алматыда қызмет құны орта есеппен 34 250 теңге, Астанада 33 500 теңге болып шықты. Көкшетау (34 000) қаласында да баға осы шамада.

Оралда (32 000) және Түркістанда (29 250) баға қолжетімді. Соның ішінде Орал қаласында шиномонтаж бағасы еліміз бойынша ең төмен болып шықты.

Павлодар мен Қызылордада баға өзге өңірлерге қарағанда төмен. Диагностика бағасы шамамен 3 000 теңге, шығу-түйісу бұрышы 5 000 теңге, Павлодарда тежегіш қалып жұбын ауыстыру 1500 теңге, ал Қызылорда 3 500 теңге. Қызылордада диагностика бағасы – 3 000 теңге. Ал амортизатор тіреуін (біреуі) ауыстыру – 6 000-7 500 теңге, оталдырғыш шамы – 2 500 теңге, шиномонтаж – 6 000-7 500 теңге.

Бұған дейін автомобиль нөмірлерінің жаңа бағасы жарияланғаны туралы жазылды. 

Сондай-ақ қазақстандық жүргізуші куәлігінен электрондық чип алып тасталады.