ҰБ өкілінің айтуынша, заң жобасы төлем нарығының ашықтығын арттыра түседі. Ондай қызметтерді реттеу нарығына жаңа ойыншылардың да қосылатыны күтіледі. Төлемдер атқару бойынша банктік үдерістер де оңтайландырылады.
«Бүгінгі бағытымыз бойынша біз халықаралық стандарттар аясындағы шараларды қабылдап отырмыз. Ал қазір бүкіл әлемде қолма қол ақша арқылы есеп айырысу мейлінше азайып бара жатыр.
Екіншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар аясында, терроризмді қаржыландыру және заңсыз алынған қаражатты жылыстатуға қарсы күрес бойынша қолма қол ақшаны барынша төмендету көзделіп отыр. Бұл жеке тұлғалар арасындағы барлық операцияларға қатысты болып табылады. Үшіншіден, бұнда ешқандай да банкілік лоббилеу жоқ. Керісінше, төлем картасымен есеп айысырулар барысында банктен комиссиялар алынбайды», - деді талқылау депутаттар сауалына жауап берген ҰБ төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов.
Оның айтуынша, заң жобасын қабылдау төлем картасы жүйесін мейлінше қолдануды ынталандырады. Сонымен қатар, халыққа ұсынылатын қолма қол ақшасыз қызмет түрлерінің аясы да кеңейе түседі. «Мәселен, екінші деңгейлі банктер агенттермен, субагенттермен келісімшарттарға отырады. Сол арқылы банктік сектор қызметі қарапайым халыққа, ауылдағы азаматтарға да жақындай түседі. Айталық, ауылдық өңірлерде банк филиалдарв жоқ. Алайда, ендігіде банк ауылдардағы дүкендермен келісімшартқа отырып, олар арқылы қызметтер көрсету ауқымын кеңейте алады. Осының арқасында ауылдағы халық қандай да бір төлемдер жасау үшін аудан орталығына бармай-ақ, ауылдағы банктің агенттері (дүкендер) арқылы есеп айырысып, төлемдер жасай бастайды. Бұл төлемнің жеделділігі жағынан да тиімді», - деді А. Ахметов.