Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлем көлемі 10 есе өсті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстанның қаржы секторы қазір экономиканы цифрландыру бойынша алдыңғы қатарда. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

«Соңғы 5 жылда халықтың қолма-қол ақшасыз төлемдері мен транзакциялары 10 есе өсті. Бұл - бөлшек сауда айналымының 90%-ға жуығы деген сөз. Цифрлық арналар қаржылық қызметтерді көрсетудің басым тәсіліне айналды, яғни 10 транзакцияның 8-і онлайн-банкинг арқылы жүзеге асады. Ал мобильді банкинг қосымшалары электронды коммерцияның негізгі интерфейсіне айналды»,- деп атап өтті Тимур Сүлейменов Қазақстан қаржыгерлерінің конгресінде.

Дегенмен, атқарылатын жұмыстардың бар екенін де тілге тиек етті.

«Несиелердің енуіне қатысты мәселелер бар, бұл басқа елдермен салыстырғанда біздің елде айтарлықтай төмен – ЖІӨ-ге қатысты шамамен 27%. Несие портфелінің құрылымында белгілі бір мәселелер бар. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев экономиканы ырықтандыру (либерализация) туралы айтқан болатын. Жарлықта арнайы айтылған нақты сектордағы терең реформаларға ерекше тоқталды. Сонымен бірге, қаржы секторы ретінде біз нақты сектор үшін бұл мүмкіндікті жасауымыз керек», - деді Ұлттық банк басшысы.

Осыған дейін ол 2024 жылдың тоғыз айында Қазақстан экономикасы 4 пайызға өскені туралы айтқан болатын.