Қазақстанда көмірсутектер мен уран саласында ұлттық ғылыми кеңес құру ұсынылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев көмірсутектер мен уран саласында ұлттық ғылыми кеңес құру ұсынысын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жер қойнауын пайдаланушылардың Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға міндеттемелерінің жыл сайынғы орташа сомасы шамамен 9 млрд теңгені құрайды», - деді министр Үкімет отырысында.

Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатын жинауды орталықтандыру әрі Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қаржыны ашық бөлу үшін келесіні ұсынады: көмірсутектер мен уран саласында ұлттық ғылыми кеңес құру; ҚР Білім және ғылым минстрлігінің ақпараттық жүйесі негізінде жер қойнауын пайдаланушылардың Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын қаржыландырудың барлық циклін оңтайландыру мен автоматтандыру.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды қолдау бағытында Үкіметке тапсырма берді.

«Тапқан табыстың 1 пайызын ғылым мен технологияны дамытуға беру туралы қолданыстағы норма талаптары сақталмай отыр. Көп жағдайда бұл қаражат компаниялардың ішінде бөлініске түсіп кетеді. Үкіметке осы қаражатты жинақтау ісін орталықтандыруды және оны бюджет арқылы жалпы ұлттық ғылыми басымдыққа сай бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді Президент Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында.