Министрдің айтуынша, жаңа электр станцияларын салу ғана жеткіліксіз. Генерацияны дамыту көмір өндіруші кәсіпорындардың өндірістік әлеуетімен, көлік инфрақұрылымы мен логистика мүмкіндіктерімен қатар өрбуге тиіс.
Осыған байланысты әзірленетін құжат көмір саласының энергетика, өнеркәсіп және коммуналдық-тұрмыстық сектор тарапынан артып келе жатқан сұранысты қалай қамтамасыз ететінін айқындайды.
— Ұлттық жоба бекітілгеннен кейін Үкімет көмір өнеркәсібін дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бұл құжат ұлттық жобаның жалғасы болып, көмір саласының энергетика, өнеркәсіп және коммуналдық-тұрмыстық сектордың өсіп келе жатқан қажеттілігін қалай қамтамасыз ететініне жауап беруі керек, — деді Ерлан Ақкенженов.
Оның сөзінше, жоспар формалды құжат емес, саланы дамытуға бағытталған нақты жұмыс құралы болуы қажет. Осы бағытта Энергетика министрлігі көмір өндіруші кәсіпорындармен, салалық қауымдастықтармен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын.
Еске салайық, бұған дейін алты қалада жаңа көмір генерация нысандары салынатыны туралы хабарлаған еді.