Қазақстанда қонақ үй жүйесіне реформа жүргізіледі

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздегі қонақ үйлердің дені заманауи әрі халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлім етті.

- Қонақ үй сервисінің сапасын арттыру үшін қонақ үйлерді жіктеу жүйесін реформалау жоспарланып отыр. Қолданыстағы қонақ үй критерийлері 2008 жылдан бері өзгертілмеген, - деді Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында.

Министрдің мәлімдеуінше, еліміздегі қонақ үйлердің дені заманауи әрі халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді.

- Туристердің сапарын жеңілдетіп, жайлы ету мақсатында шекаралық өткізу пункттерінде ұйымдастырылған туристік топтарға басымдық беру, жасыл дәліз тетігін енгізу көзделіп отыр. Қазір аталған механизм Ресей мен Қырғызстан шекарасында пилоттық режимде жұмыс істеп тұр, - дейді ол.

Еске сала кетсек, өткен жылы Үкімет басшысы Олжас Бектенов еліміздегі қонақ үйлердің баға саясатына шағым көп екенін айтқан еді. 

Бұған дейін елімізде шаруаларға агротуризммен айналысуға рұқсат беру мәселесі қаралып жатқанын хабарлаған едік.