Қазақстанда көпбалалы аналарға жұмыс пен бала тәрбиесін бірге алып жүруге мүмкіндік беретін жағдайлар жасалады

АСТАНА. 13 шілде. ҚазАқпарат - Көпбалалы отбасыларға отбасылық міндеттемелерін өндірістегі белсенді жұмыспен үйлестіруге мүмкіндік беретін ұсыныстар әзірленеді.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы жылдың қыркүйегіне дейін отбасылық міндеттемелерін өндірістегі белсенді жұмыспен үйлестіруге мүмкіндік беретін көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шараларын кеңейту жөнінде ұсыныстар әзіреленетін болады», - деді Г.Әбдіхалықова.

Министрдің атап өтуінше, бұған қоса, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесіне реформа жүргізу өз жалғасын табады. «Өткен жылы әлеметтік қызмет көрсету жүйесін реформалаудың бірінші кезеңі аяқталған болатын. Нәтижесіне қажетті стандарттар әзірленіп, жаңа арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің баламалы нысандары енгізілді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, 2012-2014 жылдарға арналған екінші кезеңде ірі стационарларды оңтайландыру және шағын кешенді ұйымдар желісін дамыту жұмыстары жүргізіледі. Қызмет нарығында бәсекеге қабілетті орта қалыптастыру және мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту шаралары қабылданады.