Қазақстанда қор нарығындағы сауда көлемі 57% өсті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан қор биржасының (КАЅЕ) басқарма төрайымы Алина Алдамберген биржа нарығының 2023 жылғы жұмысын қорытындылады.
КАЅЕ басшысы өткен жылдың оң нәтиже бергенін, барлық нарықтардағы сауда көлемі 57%-ға өскенін атап өтті. Сауда-саттық валютада да, бағалы қағаздар нарығында да артқан. Әсіресе жыл бойы жергілікті және шетелдік акциялар нарығының қалпына келуі ерекше айтылды.
«Жоғары базалық мөлшерлемеге қарамастан, облигациялар нарығында бағалы қағаз үлестіру жалғасты. Облигациялар өзгермелі кіріс мөлшерлемелеріне көбірек байланысты бола бастады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша барлық нарықтардағы айналым 410,7 триллион теңгені құрады. Акциялардың қайталама нарығындағы сауда-саттық көлемі 78%-ға өсті. Бұл көлемнің жартысынан астамы сауда-саттыққа, 2022 жылғы желтоқсанда ҚазМұнайГаз акцияларын сәтті орналастыруға тиесілі. Мемлекеттік бағалы қағаздардың қайталама нарығындағы сауда-саттық 49%-ға өсіп, 2,777 млрд теңгеге жетті. Биржалық нарықтағы мәмілелер саны 53%-ға өсті», - деді Алина Алдамберген KASE баспасөз мәслихатында.
2023 жылы KASE индексі өсімін жалғастырып, 29% көрсеткен. 2024 жылғы қаңтарда индекс тағы 4,1%-ға көтеріліп, тарихи максимум - 4357,47 пунктті құрады.
2024 жылы 17 қаңтарда уран жеткізу бойынша «Қазатомпром» ҰАК, «Банк ЦентрКредит» АҚ акцияларының айтарлықтай өсуі байқалды, сондай-ақ Kcell акциялары өскен.
«Біз бөлшек инвесторлардың айтарлықтай өсуін көріп отырмыз. Бөлшек инвесторлар брокерлік ұйымдар арқылы белсенді жұмыс істей бастады, ішінара олардың жергілікті құралдарға салған инвестицияларын да көріп отырмыз. Жасыл қаржыландыру қарқын алып келеді. Жасыл облигациялармен шығатын ұйымдар көбейді. Жеке сектордағы компаниялардың да жасыл облигациялар орналастырғанын көріп отырмыз», - деп толықтырды KASE басқарма төрағасы.