Қазақстанда қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры құрылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры құрылуы ықтимал. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заң жобасын таныстырған еліміздің Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне кіретін субъектілердің аясын белгілеу ұсынылады. Оларға қатысты қаржылық, ақпараттық-консультациялық, сыртқы экономикалық және кадрлық мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуі мүмкін. Мемлекеттік қолдау көрсету шаралары қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің мемлекеттік, квазимемлекеттік және жекеменшік нысанындағы кез келген отандық ұйымына қолданылатындығын атап өткім келеді», - деді ол.

Бейбіт Атамқұловтың дерегінше, 2017 жылы әскери мақсаттағы өнімдер экспортының көлемі 2 есе артып, мұндай өнімдер өндірісі 14 пайызға өсім көрсеткен. Мұндай нәтижеге қорғаныс-өнеркәсіп саласына жеке инвесторлардың келуінің арқасында қол жеткізіліп отыр.

«Отандық ғылыми-техникалық әзірлемелерді қаржылай қолдау және саладағы ұйымдарды жаңғырту мақсатында заң жобасында Қорғаныс-өнеркісіп кешенін дамыту қорын құру мүмкіншілігі қарастырылған. Заң жобасының аталған нормасын жүзеге асыру үшін Үкіметтің аталған қорды құру туралы қаулысының жобасы да әзірленген. Сонымен қатар қорды құру жөніндегі инвестициялық ұсыныстар мен салалық қорытынды да дайын», - деді министр.