«Өтіп бара жатқан жыл бүкіл әлем үшін оңай болған жоқ. COVID-19 деген атауға ие болған жаңа вирус пайда болды. Сол вирустың салдарынан туындаған пандемияға әлі нүкте қойылмады. Вирус алғаш пайда болған кезде онымен қалай күресіп, анықтап, емдеу керектігін ешкім білген жоқ. Алайда біз осы вирустың алдын алу шараларын біліп, бәріміз де қорғануға көмектесетін әдеттерді үйрендік. Диагностика жасап, жаңа инфекциядан азаматтарды емдеу ісін игердік. Бүгінгі таңда бүкіл әлемде вакцинация секілді спецификалық алдын алу шаралары қолжетімді болды. Сонымен қатар біз қолда бар мәліметтерді пайдаланып, ауру жұқтыру көрсеткішін болжауды үйрендік. Осының арқасында алдын алу шараларын жүргізіп жатырмыз», - деді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша әйтсе де бүкіл әлемде коронавирусты жұқтыру деңгейі әлі де бәсеңдемеген. 218 елде коронавирусты 81 миллион адам жұқтырған, оның ішінде 1 миллион 700 мың адам көз жұмған.
«Біздің елде коронавирусты жұқтырған адамдардың саны 152 460-қа жетті. Қазіргі таңда коронавирустан жазылғандардың саны 87 пайыздан асты. Естеріңізде болса осы жылдың маусым және шілде айларында бұл көрсеткіш 60 пайыздан асқан жоқ болатын. Біздің елде де эпидемиологиялық ахуал тұрақты емес (коронавирус бойынша). Қазақстан төменгі қауіп аймағынан біркелкі қауіп аймағына, яғни «жасыл» аймақтан «сары» аймаққа өтті. Атырау, Қостанай, Павлодар және Ақмола облыстары қазіргі уақытта «қызыл» аймақта тұр. Ал «сары» аймақта Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы мен СҚО бар», - деді ол.