Қазақстанда корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік дамудың бастапқы сатысында тұр

АЛМАТЫ. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгінгі шара Қазақстандағы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бастамасы мен тәжірибесінде өзара ақпарат алмасуға бағытталған.

 ҚР Президенті жанындағы  Шетелдік инвесторлар кеңесінің инвестициялық имиджді көтеру жөніндегі жұмыс тобының тең төрағасы Ерлан Досымбеков бүгін Алматыда өтіп жатқан бизнестің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі туралы дөңгелек үстел жиынында осылай айтты.  

«Бұл Шетелдік инвесторлар кеңесінің ресми шарасы емес. Мұнда айтылған  қатысушылардың көзқарасы мен ұсыныстары Кеңес мүшелерінің көзқарасы емес. Біз дөңгелек үстелге қатысушылармен алдын ала хабарласып,   олардың бұл мәжілісте талқылағысы келетін сауалдары мен оның мазмұнын анықтап алдық», - дейді Е. Досымбеков. Оның айтуынша, басқосу  -  «Қазақстанда корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті дамытуды ынталандыру және мүдделі тараптар», «Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік  инвестициялық тартымдылықты  көтерудің құралы ретінде»,  «Қаржылық емес есептілік және мүдделі тарапртармен өзара әрекеттестік», «Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік тәжірибелері», «Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік тәжірибесін ілгері жылжыту: БАҚ-пен жұмыс» деген тақырыптар бойынша өтпек.  Жалпы Қазақстанда корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қазір дамудың бастапқы кезеңінде тұр. Ол елдің орнықты дамуын қамтамасыз ете алады. Бұл секторда қазіргі ішкі ынта жеткілікті.