Қазақстанда көрсеткен қызметтері үшін еріктілерге еңбек өтілі жазылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Еріктілер қызметі туралы» жаңа заң жобасында еріктілерге еңбек өтілін жазу қарастырылуда. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Василий Порубаймех мәлім етті.

«Еріктілер қызметі тартымды болуы шарт. Ол үшін ерікті белгілі бір мәртебе ие болғаны дүрыс. Ерікті ретінде қызмет атқарған әрбір адам мансабын ары қарай мемлекеттік қызметте немесе басқа әлеуметтік салада жұмысқа орналаса алатындай мүмкіндігі болса игі. Еріктілерде атқарған қызметіне орай еңбек өтілі жазылуы қажет», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, «ерікті» деген ұғым тек ерікті түрде шараға қатысу деген тар шеңберге жатқызылмауы керек.

«Белгілі бір шараға көпшілікті жинау кезінде мемлекеттік органдар оларды «ерікті» деп атаудан аулақ болуы керек. Қазір қалай? Парадқа адам жинайды да, «Еріктілер, кеттік, қане» деп күштеп алып кетеді. Бұл жағдай еріктілер қозғалысының дамуына едәуір нұқсан келтіріп отыр. Әрине, барлық мемлекеттік органға тыйым сала алмайсың. Дегенмен ақпараттық жұмыс жүргізу керек, осыны ұғындыру керек. Осы мәселе жаңа заңда нақты көрініс тапқан», - деп атап өтті В.Порубаймех.

Оның мәліметтеріне сәйкес, Қазақстанда 109 еріктілер ұйымы бар.