Қазақстанда қосымша құн салығын әкімшілендірудің жаңа әдістері әзірленуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда «Блокчейн» технологиясын қолданып, қосылған құн салығын әкімшілендірудің жаңа әдістерін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің отырысында еліміздің Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз «Ақпараттық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорымен, ІВМ-мен және ПрайсУотерХаус ынтымақтаса отырып, «Блокчейн» технологиясын қолданып, қосылған құн салығын әкімшілендірудің жаңа әдістерін енгізу жөніндегі жұмысты жүргізіп жатырмыз.

Барлық жұмыстар кесте бойынша жүргізілуде. Ағымдағы жылғы тамызда жаңа ақпараттық жүйенің баламасын іске қосуды жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан Премьер-Министрінің АҚШ-қа сапары қорытындысы бойынша «Ақпараттық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры мен ІВМ бірлескен зертханасын құру жөнінде тапсырма берілген.

«Барлық қажетті жұмыстар жүргізілді. Сіздің төрағалық етуіңізбен «Ақпараттық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры Басқару комитетінің отырысын өткізу қажет», - деді Бақыт Сұлтанов.

Осы ретте Үкімет басшысы Бақытжан Әбдірұлы оған тиісті ұсыныстарды Премьер-Министр кеңсесіне енгізуді тапсырды.