Қазақстанда көтерме сауда көлемі 3 трлн теңгеден асты
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы қаңтарда Қазақстандағы көтерме сауда көлемі 3048,5 млрд теңгені құрап, 2025 жылғы сәйкес кезең деңгейінен 103,2%-ды көрсетті.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, көтерме тауар айналымында азық-түлік емес тауарлар мен өндірістік-техникалық өнімдер басым, олардың үлесі 79,5%-ды құрайды. Өңірлік бөліністе ең ірі үлес Алматы қаласына тиесілі — 38,2%. Одан кейінгі көрсеткіштер: Астана қаласы — 16,9%, Атырау облысы — 12,4%, Қарағанды облысы — 5,2%.
Биылғы қаңтарда бөлшек сауда көлемі 1 487,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1%-ға өсті. Сауда кәсіпорындарының тауар өткізуі 3,9%-ға артса, дара кәсіпкерлердің, соның ішінде базардағы сатушылардың саудасы 4,5%-ға төмендеді.
— Бөлшек сауда құрылымында жеке меншік кәсіпорындардың айналымы 1 277,1 млрд теңге немесе жалпы көлемнің 85,9%-ын, ал шетелдік меншік нысанындағы кәсіпорындардың үлесі 210,3 млрд теңге немесе 14,1%-ды құрады, — делінген құжатта.
2026 жылғы 1 ақпанға бөлшек сауда кәсіпорындарының тауар қорлары 1630,1 млрд теңгені құрап, сауда күндерінің саны 70-ке жетті. Азық-түлік тауарларының үлесі 28,9%, азық-түлік емес тауарлар — 71,1%. 2025 жылғы қаңтармен салыстырғанда азық-түлік тауарларын өткізу 4,4%-ға, азық-түлік емес тауарларды өткізу 1,3%-ға артты.
Еске сала кетейік, өткен жылы ішкі сауда саласын қолдауға бағытталған кешенді мемлекеттік шаралар өз нәтижесін берді. Екінші деңгейлі банктер арқылы несиелерді субсидиялау мен кепілдендіру тетіктері іске қосылып, республика бойынша 460 жоба қаржыландырылды.