ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, жүргізілген талдаулар жыл сайын 7,8 млн тері шығарылатынын, оның тек 2 пайызы ғана өңделетінін көрсетті. Ал оларды өңдейтін 5 зауыт тек 5,5 пайызға (3,0 млн тері) ғана жүктелген.
«Бүгінгі күні жүн өңдейтін кәсіпорындар шамамен 12,7 пайызға жүктелген. Бұл ретте жүннің 10 пайызы ғана өңделеді»,-деп атап өтілген ведомство мәліметінде.
Осыған байланысты мал сою пункттері жанынан жаңадан 30 жүн дайындайтын және 135 тері дайындайтын бекеттерді құру көзделіп отыр. Сондай-ақ, 2 531 шалғайдағы жайылым учаскесі мен 1 747 қолдан ұрықтандыру пунктін құру жоспарлануда.
«Жұмыс істеп тұрған 2 кәсіпорынды жаңғырту және жүннің барлық түрін кешенді қайта өңдеуге мүмкіндік беретін заманауи технологияларды қолдана отырып, 1 зауыт салу көзделуде. Нәтижесінде, мал басы 2021 жылға қарай 2,7 миллионға, ал қой шаруашылығы өнімі 2 есеге (123 млрд теңге) өседі», - делінген ҚР АШМ жоспарында.