Қазақстанда қой шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын құру ұсынылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат депутаттары қой шаруашылығындағы кемшіліктерді жою бойынша Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің осы депутаттық сауалымызға Қазақстан Республикасындағы қой шаруашылығын дамытудың және қой еті мен жүнін өндіріп, өңдеу мәселесінің әлі де болса дұрыс жолға қойылмай келе жатқандығы арқау болып отыр. Соңғы уақытта қой еті мен қойдың жүнін экспорттауда біршама ілгерілеушілік болғанымен, қой шаруашылығын дамыту, қой еті мен жүнін өндіру мен өңдеп, іс қылу жайы әлі де сын көтермейтін жағдайда екендігіне Үкіметтің назарын аударғанды жөн санап отырмыз. Қой өнімдерін экспорттауды дұрыс жолға қоя алмай келе жатқандығымыз алаңдатады. Алдағы уақытта Қазақстандағы қой шаруашылығын дамытудың жаңа әрі осы заманның талабына бейімделген Мемлекеттік бағдарламасын жасау керек деп санаймыз. Қой шаруашылығын интенсивті дамытуда жаңа технологиялық әдістерді кеңінен пайдалану үшін саланы бәсекелестік деңгейіне көтеру тұрғысында ғылыммен бірге өндіріс жұмыстарын жүргізу керек», - деді депутат Аңсар Мұсаханов Сенаттың жалпы отырысында.

Сенатордың атап өтуінше, мал жайылымдарында деградацияға ұшыраған, яғни жарамсыз болып қалған жайылымды жерлерді қалпына келтіру, жайылым құнарлылығын арттыруға қажетті шаралар кешенін жасап, оларды жүзеге асыруды қолға алатын кез келді. Ол үшін шөп пен сексеуіл тұқымдарын өндіруді де ғылыми тұрғыдан жандандыру қажет.

«Ветеринарлық қызметтің шешілмей келе жатқан көптеген мәселесі де бар. Ауылдық округтер орталығынан ветеринарлық пункттер салу әлі де мардымсыз. Қазіргі уақытта өндірілетін қой өнімдері бойынша құрылған Республикадағы 4 бірдей палатаны бір орталыққа, бір палатаға ғана біріктіру қажет. Сонымен бірге қой шаруашылығына қатысты мәселелерді егжей-тегжейлі талқылап, шешу үшін Республикалық үйлестіру кеңесін құрғанның да артықшылығы болмас еді», - деді А. Мұсаханов.