Қазақстанда ҚР кәсіпкерлерінің ұлттық палатасы құрылды

АСТАНА. 9 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстанда ҚР кәсіпкерлерінің ұлттық палатасы құрылды. Осыған орай бүгін Астанада ҚР Үкіметі мен Атамекен одағының бірлескен шешімі рәсімделді.

Осыдан кейін ҚР кәсіпкерлерінің ұлттық палатасы президиумының бірінші отырысы өтті. Онда аталған құрылымды ұйымдастыру мәселелері қаралды. Президиум мен басқарма төрағалары сайланды. Осылайша, жиынға қатысқан барлық министрлер мен кәсіпкерлердің қолдауымен ҚР кәсіпкерлерінің ұлттық палатасы президиумы төрағасының қызметіне Тимур Құлыбаев сайланды. Ал Атамекен одағының басшысы Абылай Мырзахметов палата басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. Айта кетейік, ағымдағы жылы шілденің 5 күні «ҚР кәсіпкерлерінің ұлттық палатасы туралы» заң қабылданған болатын. Палатаның негізгі мақсаты - отандық кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Осыған байланысты барлық өңірлерде палата филиалдарын ашу жоспарланып отыр. Президиум төрағасы Т. Құлыбаев атап көрсеткеніндей, палата құрамындағы 16 комитет пен 16 аймақтық кеңесті құру жұмысы алдағы қазан айында аяқталатын болады.