Үкімет мәліметінше, Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (WIPO) рейтингінде креативті тауарлар мен қызметтер бойынша 65-орыннан 61-орынға, ал киноөндіріс бойынша 31-орыннан 29-орынға көтерілді.
– Креативті индустрияларды қолдау қоры іске қосылды. Оның негізгі мақсаты – 2029 жылға қарай сектордың жалпы ішкі өнімдегі үлесін 2%-ға дейін ұлғайту, экспорт көлемін 115 млн АҚШ долларына жеткізу, бизнес субъектілерінің санын 60 мыңға, ал салада жұмыспен қамтылғандар санын 180 мың адамға дейін арттыру, – делінген Үкімет хабарламасында.
Сонымен қатар тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. ЮНЕСКО-ға «Үстірт: ландшафттар және аңшылық тор-тұзақтар» номинациясы ұсынылып, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрын жаңғырту басталды. Сондай-ақ 2026–2028 жылдарға арналған ЮНЕСКО және ИСЕСКО аясындағы мәдени мұраны сақтау жөніндегі кешенді жоспар бекітілді.
Үкіметтің мәліметінше, отандық шығармашылық ұжымдар Сингапур, Вена, Бейжің және Анталия қалаларында гастрольдік сапармен өнер көрсетті. Алматы қаласында мәдениет саласының қызметкерлеріне 60 пәтер берілді.
Еліміздегі 5,8 млн жасты қолдау мақсатында «Наурыз», «Отау» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламалары арқылы жалпы бюджеті 389,3 млрд теңге көлемінде 14 635 жас жеңілдетілген тұрғын үйге қол жеткізді. Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту үшін «Jol Tap», «Jumys Tap» және «Talaptan» жобалары іске асырылып жатыр.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Қазіргі таңда елімізде 810 волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Олар 300 мың азаматты біріктіреді. Қазақстандық еріктілер Кения, Түркия, Таиланд, Аргентина және Қытайдағы БҰҰ миссияларына қатысып жүр, – деп атап өтті Үкімет.
Айта кетейік, Солтүстік Қазақстанның креативті индустриясы 4,9 млн теңгенің өнімін өткізді.