Қазақстанда криптоамнистия мен майнингке қатысты жаңа ережелер ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада криптоиндустрияны дамыту перспективалары және цифрлық активтерді «көлеңкелі» айналымнан заңды нарыққа шығару жолдары талқыланды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов бұл салада жүйелі тәсіл қажет екенін атап өтті.

Фото: Kazinform

Оның айтуынша, бұған дейін Қазақстан майнинг саласында әлемдік деңгейде алдыңғы қатарда болып, үздік үштікке кірген және жаһандық нарықтың шамамен 13 пайызын қамтыған. Алайда қазіргі уақытта бұл позициялар әлсіреп, секторды әлемдік үрдістерге сәйкес дамыту қажеттілігі туындап отыр.

Ол көршілес елдердегі криптоиндустрияның дамуына да тоқталды, соның ішінде Қырғызстанға ерекше назар аударды.

— Қырғызстан регуляторының деректеріне сәйкес, олардың криптоиндустриядағы заңды айналым көлемі 31 миллиард доллар. Ал бізде шамамен 8 миллиард доллар. Дегенмен, бұл тек заңды айналым көрсеткіші, яғни бұдан бөлек көлеңкелі айналым бар екенін ескерсек, шынайы нарық бұдан әлдеқайда үлкен болуы мүмкін. Сондықтан қазіргі 8 миллиард доллар елдің толық әлеуетін көрсетпей отыр, — деді ол.

Осыған байланысты ол бұрын есепке алынбаған цифрлық активтерді заңдастыру және саланы дамыту үшін криптоамнистия енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

— Мемлекет тарапынан маңызды қадам жасау қажет. Мәселен, криптоамнистия жүргізіп, көлеңкелі аймақтағы ресурстарды заңдастырып, осы саланың дамуына серпін беру керек, — деді басқарма төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ ол майнингті реттеу мәселесін көтеріп, өндірілген цифрлық активтердің бір бөлігін ел ішінде сатуды ұсынды. Оның пікірінше, майнерлер өндірген криптоактивтердің кемінде 50 пайызы Қазақстанда сатылуы тиіс.

Осы орайда ол «Атамекен» ҰКП өкілдері бұл саладағы шешімдерді әзірлеуге және криптоиндустрияны дамытуға қатысуға дайын екенін айтып, сектордың ел экономикасы үшін үлкен әлеуеті барын еске салды.

Бұған дейін Ұлттық банктің реттеушілік «құмсалғышында» 30-дан астам криптожоба сынақтан өтіп жатқаны жөнінде жаздық.