Қазақстанда кірме теміржол жолдарындағы қауіпсіздік талаптары күшейтілмек

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Көлік министрлігінде кірме теміржол жолдарындағы қозғалыс қауіпсіздігін арттыру мәселелері қаралды. Жұмыс тобы нормативтік талаптарды жаңарту, бақылауды күшейту және заңбұзушылықтардың алдын алу шараларын талқылады.

Фото: Көлік министрлігі

Отырысқа Көлік министрлігінің Ұлттық экономика министрлігінің, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның құрылымдық бөлімшелерінің, «Атамекен» ҰКП-ның, салалық қауымдастықтар мен теміржол көлігі кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

Отырысқа қатысушылар қозғалыс қауіпсіздігін бұзудың негізгі себептерін талдап, кірме жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нормативтік құқықтық базаны өзектендіру мәселелерін қарады.

Ведомствоаралық және салалық өзара іс-қимылды нығайтуға, оның ішінде анықталған бұзушылықтар туралы жедел ақпарат алмасуға және бірлескен профилактикалық шаралар қабылдауға ерекше назар аударылды.

Отырыс қорытындысы бойынша одан арғы жұмыстың басым бағыттары айқындалды. Олар бұзушылықтардың алдын алу тетіктерін жетілдіруге, бақылаудың тиімділігін арттыруға және кірме теміржол жолдарын қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған.

Еске сала кетейік, Қазақстанда алдағы үш жылда 2,5 мың шақырым жаңа теміржол салынбақ.