ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев форум ашылуында жасанды интеллект XXI ғасырдың ең қуатты құралдарының біріне айналып, ғылымның өзіне, зерттеу жүргізу тәсілдеріне де ықпал ете бастағанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде ЖИ деректерді өңдеуге, заңдылықтарды анықтауға және шешім іздеу үдерісін жеделдетуге көмектеседі.
Академия бүгінде AI for Science бағытын жүйелі түрде дамытып келеді. Оның мақсаты – Қазақстанда жасанды интеллектіні қолданатын ғылыми зерттеулердің заманауи экожүйесін қалыптастыру. Оның ішінде Qazaqstan AI for Science бастамасы аясында шетелдік ғылыми ұйымдармен ортақ жобалар қолға алынған.
Мәселен, осы бастама аясында Қытай ғылым академиясының Автоматтандыру институтының есептеу қуатын пайдалана отырып, Science One Panshi платформасын қорғалған ортада пилоттық режимде іске қосылып жатыр. Ал Кореяның Ғылыми-техникалық ақпарат институтымен бірлесіп ҰҒА AI SilkNet орталығын дамытып келеді. Сондай-ақ қытайлық серіктестермен бірге кеңістік пен уақыт деректерін талдауға арналған DeepBAS жасанды интеллект платформасын әзірленіп жатыр.
- Екі жоба да QazTech мемлекеттік платформасында тіркелді. Бұл оларды еліміздің ғылыми инфрақұрылымына кіріктіруге жол ашады. Осы технологиялар қолданылатын алғашқы бағыттардың бірі – су қауіпсіздігі. 2027 жылдан бастап су теңгерімін болжауға, құрғақшылық пен су тасқыны қаупін бағалауға арналған құралдарды сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Қазақстан үшін бұл жұмыс орнықты дамуға және миллиондаған адамның өмір сүру сапасына тікелей қатысты, - деді ол.
Сонымен қатар Ақылбек Күрішбаев ҰҒА Қытай ғылым академиясымен бірге Space Dance бастамасы жасалып жатқанын айтты. Ол су ресурстарын, мұздықтарды, ауыл шаруашылығы алқаптарын және қоршаған ортаны зерттеуде спутниктік технологияларды қолдануды көздейді.
Одан бөлек ҚР Премьер-министрінің тапсырмасымен бірлескен жұмыс тобы ғарыштан берілетін деректерді жоғары жылдамдықпен қабылдайтын жерүсті станциясын салу жобасын пысықтап жатыр. Бұл станция еліміздің ғарыштық деректерді алу және оларды ғылым мен экономикада пайдалану мүмкіндігін едәуір кеңейтпек.
Еске салайық, ҰҒА мәліметі бойынша елдегі 28 мың ғалымның жартысына жуығы жастар.