ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, меморандум аясында Қазақстан аумағында Tier III–Tier IV деңгейіндегі жоғары сенімді деректерді өңдеу орталығын (ДӨО) салу жобасын іске асыру көзделген.
Нысанның жоспарлы қуаты 50-ден 200 МВт-қа дейін жетеді. Қуаты 200 МВт (Tier IV деңгейі) болатын дата-орталық құрылысына тартылатын инвестицияның болжамды көлемі 1,5-тен 3 миллиард АҚШ долларына дейінгі аралықты құрайды.
Жобаны тұрақты және дербес энергиямен қамтамасыз ету мақсатында қуаты 250 МВт-қа дейін болатын газ электр станциясын салу жоспарланған. Бұл бағыттағы инвестиция көлемі 200-ден 400 миллион АҚШ долларына дейін бағаланып отыр.
Қазіргі таңда жобаның орналасатын жері таңдалу үстінде. Басымдық газ инфрақұрылымына жақын орналасқан алаңдарға беріледі, бұл энергияны тиімді өндіруге және нысанның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге жол ашады.
-Қазақстанның бірегей географиялық орналасуы, салқын климаты мен электр энергиясының салыстырмалы түрде қолжетімділігі халықаралық деректерді өңдеу орталықтарын орналастыру мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту үшін қолайлы жағдай жасайды,- деп атап өтті Жаслан Мәдиев.
Бұл жобаны іске асыру еліміздің цифрлық инфрақұрылымын ілгерілетуге, шетелдік инвестиция тартуға және Қазақстанның өңірлік технологиялық хаб ретіндегі беделін нығайтуға септігін тигізеді.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында алдымызға Қазақстанды заманауи цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде өршіл мақсат қойып отырғанымызды айтқан болатын.