Қазақстанда құқық қорғау органдары қызметкерлерін аттестаттау жыл сайын өткізілмек

АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстанда құқық қорғау органдары қызметкерлерін аттестаттау жыл сайын өткізілмек. Бұл - кезектен тыс аттестаттау нәтижелері барысында жасалған шараның бірі.

Аттестаттау комиссиялары жұмысының нәтижелерін талдау қорытындылары бойынша кезектен тыс аттестаттауды өткізу барысында анықталған кемшіліктерді жоюға және құқық қорғау органдарының кадрлық саясатын жетілдіруге бағытталған шаралар кешені әзірленді.

Аталмыш шаралар кешенін бүгін Ақордада ҚР Президенті Әкімшілігінің құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаев мәлім етті.

Олардың негізгісі: жас мөлшерін ұлғайту және бір органнан басқасына ауысқан кезде бірыңғай талаптарды белгілеу; басшылық құрам үшін біліктілік талаптарды өзгерту; қызметкерлердің ақшалай үлесін және зейнетақымен қамсыздандырылуын арттыру (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап арнайы атақтар мен сыныптық шендер үшін қосымша төлеу әскери атақтар үшін еңбекақы мөлшеріне дейінгі мөлшерге жеткізіледі; сәуірде ақшалай үлесі мен зейнетақымен қамсыздандырылуды өсіру жөніндегі жоспарды қабылдау); жоғары тұрған лауазымдарға конкурстан тыс тағайындау тетігін белгілеу.

«Сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін кезекті аттестаттаулар арасындағы арақашықтықты 3 жылдан 1 жылға дейін қысқартуды, қызметкерлер қоғамдық пікір тудыратын, жүйелі қылмыстарды не сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасаған жағдайда, кейбір бөлімшелер үшін кезектен тыс аттестаттауды өткізу, сондай-ақ жаңа қызметтерді ашу критерийлерін заңнамалық түрде белгілеуді, полиция сыртқы қызметтерінің бөлімшелеріне қызметке қабылдау үшін бойы мен тиісті дене өлшемдері бойынша біліктілік талаптарды арттыруды көздеуде», - деп атап өтті А.Шпекбаев.

Оның айтуынша, барлық жоғарыда аталған ұсыныстарды Мемлекет басшысы қолдады, «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің  жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының шеңберінде іске асырылады.