Биыл көктемде өңірлерде құлпынайдың келісі 1 100 – 4 500 теңге болып тұр. Бағаны салыстырған кезде айырмашылық төрт есе екенін білуге болады. Оған логистика, жергілікті өндірушілердің қуаттылығы мен тасымалдау қашықтығы әсер етеді.
Еліміз бойынша баға оңтүстік өңірлерде төмен. Ең арзаны Қызылорда қаласында сатылып жатыр. Құлпынай келісі – 1 100 – 1 800 теңге. Жидектің келісі Түркістанда 1 200 – 1 500 теңге, Шымкентте – 1 200 – 2 200 теңге. Ал Тараз қаласында 1 300 – 2 000 теңге болса, Талдықорғанда 1 600 – 1 800 теңгеге сатылып жатыр. Сонымен бірге Қарағанды қаласында келісі 1 500 – 2 500 теңге аралығында.
Астана, Алматы, Қонаев, Павлодар, Петропавл, Көкшетау, Жезқазған, Қостанай мен Орал қаласында баға орташа. Ал Алматы қаласында құлпынай келісі 1 800 – 2 500 теңге аралығында. Қонаев қаласында да дәл осы баға сақталған.
Павлодар қаласында баға 1 800 – 2 200 теңге, Астанада 2 000 – 3 200 теңге аралығында. Петропавлда жидектің бұл түрін тұрғындар 2 000 – 2 800 теңгеге, Көкшетауда 2 400 – 2 700 теңгеге сатып алып жүр. Жезқазғанда баға 2 000 – 3 000 теңге, ал Қостанай мен Оралда 3 500 теңгеден басталады.
Баға еліміздің батыс өңірлерінде жоғары. Атырау қаласында құлпынайдың келісі 4 500 теңгеге жеткен. Ал Ақтөбе қаласында баға 3 500 – 4 500 теңге аралығында. Ақтау қаласында жидектің бұл түрін 3 000 – 4 000 теңгеге сатып алуға болады. Сонымен бірге Шығыс Қазақстандағы қалаларда, оның ішінде Өскемен мен Семейде баға 2 700 – 3 000 теңге аралығында.
Сарапшылар баға арасындағы айырмашылықты көлік тасымалының шығыны мен маусымдық жеткізуге байланысты деп отыр. Оңтүстік өңірлерде құлпынай ерте піседі. Мұнда жылыжай шаруашылығы жақсы дамыған. Батыс және солтүстік өңірлер өзге облыстардан жеткізеді, кейде импорттайды.
Қазір құлпынай жаппай пісіп жатыр. Соған сай баға да таяуда түсуі мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда тал мен көшет бағасы туралы жазылды.